Жамбылда алтын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Жыл басынан бері бірқатар өңірде құрамында алтыны бар материалды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылған, деп хабарлайды 24kz.

Ондаған тонна кен тәркіленді.

Атап айтар болсақ, Жамбыл облысында алтын ұрлаумен және заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Қазір Ішкі істер министрлігі олардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша шаралар қабылдап жатыр. Бұдан бөлек, «Қаракөз» карьерінің аумағында заңсыз кен іздеушілердің екі бригадасы ұсталды. 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал арнайы іс-шараларды өткізу кезінде «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар 600 қаптан астам шикізатты ұрлау фактісі анықталған. Оған комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің қатысы болған. Қазір олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:

- Шілде айында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері «Алтыналмас» АҚ «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар кенді ұрлауға қатысы бар адамдарды ұстау бойынша жедел іс-шаралар өткізді. Іздеу іс-шараларының нәтижесінде Ақбақай, Мойынқұм, Бірлік кенттерінде 11 заңсыз ұсақтау цехы табылды. Онда кен мен тастарды өңдеуге арналған арнайы жабдық, алтын, қаражат, сондай-ақ тоғыз атыс қаруы мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.