Қостанай облысында қараталақ ауруы анықталды

Қостанай облысының Приречный ауылындағы бір шаруашылықта жаппай мал өлімі тіркелді, деп хабарлайды 24KZ.

Белгісіз індеттен 13 бас ірі қара шығын болды. Алынған сынамалар ветеринарлық зертханаға жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша малдар халық арасында «сібір жарасы» деп аталатын қараталақ ауруынан қырылғандығы анықталды. Ветеринария басқармасындағылардың айтуынша, өткен сәуір айында бұл шаруашылықтағы жануарлардың барлығына қараталаққа қарсы вакцина салынған. Сондықтан нақты індеттің таралу себебін анықтау үшін сынамалық материалдар Астана қаласындағы ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталығына жіберілді. Ал Приречный ауылында карантин жарияланды. Қостанай облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Аяз Даненовтің айтуынша, бұл елді мекенде ірі қараның қараталақпен ауруы 3 жыл бұрын да байқалған. Ол кезде індеттен 41 бас мал қырылып қалған еді.

Аяз Даненов, Қостанай облыстық ветеринария басқармасының бас маманы:

- 26-сы күні басталды өлім-жітім. Соңғы 5 күннің ішінде өлім-жітім жануарлардың арасында тіркелген жоқ. Жағдай облыстың және ауданның ветеринария қызметінің тұрақты бақылауында. Қостанай филиалының республикалық эпизотикаға қарсы отрядтың оқшаулу және жою іс-шаралары жүргізіледі. Яғни, мәжбүрлі вакцинация, сондай-ақ дезинфекция жүргізілетін болады.