Риддер маңында 14 жастағы қыз мерт болды

Риддер қаласының маңындағы таулы аймақта саяхаттап жүрген 14 жастағы қыз мерт болды, деп хабарлайды 24kz.

ТЖД ақпаратына сәйкес, 20 адамнан тұратын топ тау ішіне серуенге аттанған. Оқушы Күркіреуік өзенін кесіп өтер кезде аяғы тайып, ағын суға құлап кеткен. Қасындағылар қанша тырысса да, көмек көрсете алмаған. Өйткені ағыны қатты тау өзені оны лезде ағызып әкеткен. Құтқарушылар бірнеше сағаттан соң ғана марқұмның денесін алып шықты. ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Марина Лискова: «Тауға, орманға саяхаттаудың аса қауіпті екенін жаз басталғалы ескертіп келеміз», - дейді. Алайда құлақ асқандар аз. Туристік топтар 112 каналына хабарласып, сапар жайлы мәлімет те қалдырмайды. Ал бұл жедел көмек жіберуді біршама кешіктіреді.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Саяхатқа шыққан әр топ қайда бара жатқаны жайлы бізге хабарлау керек. Сонда қандай да бір төтенше жағдай болса, оларды табу аса қиынға соқпайды. Оның үстіне біз қай бағыттың қаншалықты қауіпті екенін білеміз. Тиісті ақпаратпен бөлісіп, ескерту жасаймыз.