Атырауда жыл басынан бері мопед тізгіндеген 5 адам көз жұмған

Мопед мінген жүргізушілерден қауіп көп. Атырауда биылдыққа жол тәртібі 930 рет бұзылып, 106 көлік апаты болған, деп хабарлайды 24kz.

Соның салдарынан 53 адам жарақаттанып, 5 адам көз жұмды.

Қазір облыс орталығында «Мотоцикл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Өңірдегі тілшіміз тәртіп сақшыларымен бірге рейдке шықты.

Асланбек Шығыр, тілші

- Қалада қос дөңгелекті техниканы тізгіндегендер көп. Олардың дені тәртіпке бағынбайды. Тіпті жолда жүру ережесін де білмейді. Өйткені ұсталғандардың көбі – жасөспірім.

- Жол жүрісі қағидасын, ережесін білесіз бе?

- Праваңыз бар ма сіздің арнайы оқыған?

- Сіз 18-ге толмағансыз, дұрыс па?

- Сол себепті әкеңізге не анаңызға хаттама толтырылады 615-баптың 1-бөлігіне сәйкес. Әрі қарай мопед біздің Байжан мекенжайында орналасқан автотұраққа барып қойылады.

Айып тұрағына күніне 15-20 мопед қойылады. «Дегенмен, жүргізушілер айыппұлын төлеп, қос дөңгелекті көлігін тұрақтан алғаннан кейін де ескертуді елемейді», - дейді тәртіп сақшылары. Жүргізушілердің басым бөлігі мына ережелерді бұзады:

Тұрарбек Сатыбаев, қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары:

- Жылдамдықты асыру, басып озу және бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамау, қауіпсіздік талаптарын орындамау. Тәжірибеге сүйенсек, көп жағдайда мұндай көлік түрлерін жасөспірім жүргізушілер пайдаланады. Бұл жүргізушілер қарапайым жолда жүру ережелерін сақтамай, соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алады.

Жыл басынан бері облыс орталығында 106 жол апаты болып, 5 адам көз жұмған. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ұйымдастырылған жедел-профилактикалық іс-шара тамыздың 31-іне дейін жалғасады.

Бақтияр Мейірханов, қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция взводының командирі:

- Мопед жүргізушілері көп жол ережесін қатаң сақтамауына байланысты жол-көлік оқиғалары көп орын алуда. Соған байланысты мопед жүргізушілерін тоқтатып, ҚР Әкімшілік Кодексінің 615-бабымен әкімшілік хаттама жасақталып, автокөліктерін арнайы тұраққа қойылып жатыр.

Мототехниканы тізгіндегендердің көбі жасөспірім болғаннан кейін тәртіп сақшылары ата-аналарды да бірлесе жұмыс істеуге шақырады. Айта кетейік, бұған дейін мопедтерді тіркеп, куәлік алудың қажеті жоқ еді. Бірақ жол апаты жиілегенін ескере отырып, Сенатқа жолданған жаңа заңда бұл олқылықтар жойылуы мүмкін.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин