«Бір өлімнен аман қалдық». Астанадағы аттракционда сым үзіліп кетті
«Уақытты көңілді өткіземіз деп бір өлімнен аман қалдық». Астананың орталық саябағындағы аттракциондық әткеншекте оқыс жағдайға тап болып, зәре-құты қашқан жас жұп енді мекеме басшылығын сотқа бермек.
Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын аттракциондық әткеншекте кенет сымдардың бірі үзіліп кеткен болатын. Абырой болғанда, дабыл белгісі қосылып, техника тоқтан шұғыл ажыратылды. Бірақ өз серпінімен тербеле жөнелген әткеншекті қызметкерлер қолмен тоқтатуға тырысқанымен, түк шықпапты. Бірнеше минут өтісімен тербеліс жылдамдығы бәсеңдеп, өздігінен тоқтаған.
Әлеуметтік желіде жарияланған бұл видео бірнеше млн қаралым жинады. Пікір жазушы қауымның бір бөлігі жас жұп үшін жанашырлығын білдірген болса, енді бір бөлігі алдын ала жоспарланған қойылым болуы мүмкін деп күмән келтірген. «Бәрі расымен болды, бірақ мен үрейге бой алдырмадым», – деп түсіндірді Даниил Берёза.
Даниил Берёза, қала тұрғыны:
- Тоқтан ажыратқан кезде де әткеншек қайта-қайта айнала берді. Өзімізді жайсыз сезіндік. Мұны көрген төмендегі куәгерлер ары-бері жүгіріп, біз үшін уайымдай бастады.
«Бір өкініштісі, аттракцион өкілдері болған оқиғадан кейін бізден кешірім сұрауға да жарамады», – дейді ашынғандар. Осыған байланысты олар заңгер қызметіне жүгініп, сотқа арызданбақ.
Альбина Степаненко, қала тұрғыны:
- Денем дірілдеп, өзімді қоярға жер таппадым. Бұл жағдай әткеншектен түскеннен кейін де 2-3 сағат жалғасты. Әуеде қалқып тұрғанымызда сым арқанның көз алдымызда үзілгенін көрдік. Өйткені біз әткеншектің алдыңғы қатарында отырдық.
Қала әкімдігіне хабарласқанымызда келеңсіз жағдайда қатысты жауапты әкімшілік емес, тікелей оқыс оқиға болған алаңның басшылығы ғана бере алатынын айтты. Аттракцион қалыпты жұмыс істеп тұр ма? Жоқ па? Осыны сырттай тексеру үшін орталық саябаққа барғанымызда күтпеген жерден директор орынбасарын кездестіріп қалдық.
Нұржан Нургабулов, орталық саябақ директорының орынбасары:
- Бұл оқиға бойынша бірден жазбаша жауап беріп, түсіндіріп өткенбіз. Үзілген сым жарықтандыру кабелі саналады. Яғни негізгі тоқ қуатына жалғанбаған. Қозғалтқыш күшіне еш әсері жоқ. Аттракционға келушілер үрейге бой алдырып, дауысқа салған соң операторлар конструкцияны «шұғыл тоқтату» батырмасын басқан. Жалпы бұл әткеншек сым арқандардың көмегімен емес, редуктор арқылы жұмыс істейді. Сондықтан тростың үзілгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Аттракцион Италияда 2008 жылы жасап шығарылған. Тозығы жеткен қосалқы бөлшектерін уақытылы ауыстырып отырамыз. Ұдайы тексеріс жүргізілмеген жағдайда бұл аппаратты қосуға ешкім рұқсат бермес еді. Оқыс оқиғалардың алдын алып, тәуекелдерді жою бірінші кезекте өзіміз үшін керек.
Орталық саябақ басшылығы өкілдерінің айтуынша, Даниил мен Альбина видеоға түсірген сым – сым емес, жай ғана шланг. Яғни, бекіткішті жабуға арналған ауа өткізгіш. Қазір оператор бізге көрсетеді. Қаншалықты бұның маңызды немесе маңызсыз екенін. Ал мен қазір директор орынбасарымен бірге аттракционға отырып, сынап көреміз. Қаншалықты қауіпті және қалай жұмыс істейді?!
Психологиялық күйзеліске ұшыраған Альбина Степаненко қазір медициналық тексеруден өтіп жатыр. «Егер сараптама қорытындысы расталса, зардап шегушілер қарсы тараптан моральдық шығын өндіруге әбден құқылы», – дейді қорғаушы Әлібек Секеров.
Әлібек Секеров, адвокат:
- Қала әкімшілігі саябақтағы жалпы қауіпсіздікке жауап бермеуі мүмкін, бірақ аттракциондардың техникалық жағдайына міндетті түрде жауап беруге тиіс. Өйткені жер учаскесін пайдалануға рұқсатты беретін кім? Бірінші кезекте әкімшілік. Жазбаша берілген жауапта биыл сәуір айында тексеру жұмыстарының жүргізілгені туралы айтылған. Ендеше «ол тексерулер қалай жүргізілді?» деген сұрақ туады. Расымен заңға сай болды ма, жоқ па? Мұны нақтылауымыз керек.
Адвокат Әлібек Секеровтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың «Аттракциондардағы қауіпсіздік туралы» техникалық регламенті бар. Барлық құқық осы ереже бойынша қорғалып, талаптары қатаң сақталуға тиіс.
Владимир Мельник, «ҚазСтандарт» РМК Техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығының сарапшысы:
- Аттракционды қолдану мерзіміне арналған төлқұжаты болады. Ол төлқұжатта аттракцион иесі орындауы қажет техникалық талаптары жазылған. Ең басты талап – келушілердің қауіпсіздігі. Тағы паспорт ішінде тесттік сынау нәтижелері көрсетілетін бөлімі бар. Заңға сәйкес сынақ қорытындыларына жергілікті атқарушы органдардың құзырлы өкілдері жауапты. Ұдайы түрде мемлекеттік бақылау мен қадағалау қызметі сол кісілерге жүктелген.
Айта кеткен жөн, бүгінде орталық саябақ аумағында 20-дан астам аттракцион бар. Оның 5-ке жуығы экстремалды саналады. Мәселен, жоғарыда айтылған «Спейс Ган» әткеншегіне 14 жасқа дейінгі балалар кіргізілмейді. Келушінің бойы 160 см-ден кем болмауы тиіс. Тағы мінер алдында клиенттің көңіл күйі мен денсаулық жағдайы тағы ескеріледі. «Техникадан ешқандай ақау табылмаған соң бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұр», – дейді парк басшылығының өкілдері.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Қанат Махмұтов, Бағдат Қайыркен, Мұрат Әріпханов.