Алматы тауларында құздан құлаған турист құтқарылды

21 жастағы азамат Башут шыңына шықпақ болған, деп хабарлайды 24KZ.

Шұғыл хабарламадан кейін оқиға орнына Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жетеді. Қолы мен аяғы сынған туриске алғашқы көмек көрсетілді. Зембілдің көмегімен зардап шеккен жан 3400 метр биіктіктен эвакуацияланып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылады. Қазір науқас аураханада емделіп жатыр.

Серғазы Әбдіқадыр, Республикалық жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:

- Ол Башут шыңына жақындаған кезде шалыс басып, шамамен 20-30 метр төмен қарай сырғып кеткен. Құлағанының әсерінен ол бір қолы мен аяғын сындырып алған. Сол кезде ұялы телефоны қалтасында болғаннан кейін ол құтқарушыларды шақырған. Оқыс оқиға болған жерге жақын орналасқан Алматы қаласының құтқару қызметінің құтқарушылары болған жаққа жылдам жетіп, ер азаматқа алғашқы жәрдем көрсеткен.