Қарағандыдағы зауытта болған оқыс жағдайға кімнің кінәлі екені анықталды

Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған топтық жазатайым оқиғаға жұмыс беруші тарап кінәлі, деп хабарлайды 24kz.

Комиссия мүшелері кәсіпорынды тексеріп, барлық материалды зерделегеннен кейін осындай қорытынды шығарды. Зауытта жазатайым факторларды болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылданбаған. Бұған қоса, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру және жұмысшылардың арнайы ережелер мен технологиялық тәртіпті сақтауына бақылау дұрыс жүргізілмеген. Жұмыс беруші тарап бұл олқылықтарды жоюға міндеттелді.

Еске салсақ, осы жылдың 20 шілдесінде кеншілер қаласындағы ферроқорытпа зауытында пештен жалын шарпып, 8 адам күйіп қалған еді. Зардап шеккендердің 4-еуі ауруханада қайтыс болды.

Төлеген Оспанқұлов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, бас мемлекеттік еңбек инспекторы:

- Куәгерлердің сауалнамаларын, сараптама ұйымының қорытындысын, нормативтік құжаттар мен басқа да материалдарды зерделегеннен кейін осындай қорытындыға келдік. Кәсіпорында травматикалық факторлардың әсерін болдырмау үшін шұғыл шаралар тиісті дәрежеде қабылданбағаны, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің ережелерді, нұсқаулықтарды және технологиялық тәртіпті сақтауын бақылау элементтері тиісті дәрежеде жасалмағаны анықталды.