Шымкентте науқастар бес ай бойы тегін дәрі-дәрмектен қағылған

Шымкентте мемлекеттік 12 емханада медициналық көмектің кепілдік шеңберіндегі дәрілік заттар науқастарға 5 ай бойы берілмей келгені анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Прокурорлардың тексерісінен кейін қадағалау актісі түзіліп, бас дәрігерлер мен 108 медицина қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардан 2 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді. Нәтижесінде диспансерлік есепте тұрған 4 мың науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Қали Бейсенбаевтың айтуынша, осындай жағдай тағы қайталанатын болса, медициналық мекемелер фармацевтикалық қызметпен айналысу құқығынан айрылуы мүмкін.

Қали Бейсембаев, қала прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

- Бірінші кезекте бұл медициналық қызметкерлердің өз функционалдық міндеттеріне салғырт қарау салдарынан болған. Негізгі сылтауы бұл емханаларда дәрілерді сұрамайтыны атап өтілді. Егер ол 1 жыл ішінде қайталанатын болса, онда кодекстің 426-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылады.