Үлкен Ақсу ауылына карантин енгізілді
Себебі 2 бас ірі қара малдың сынамаларынан сібір жарасы анықталған.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты комитет төрағасының міндетін атқарушы Самат Төлегенов мәлімдеді. Енді аумақтық ветеринариялық инспекциясы тиісті дәрігерлермен бірлесіп, жануарларды тексеріп, вакцинациялайды және олардың иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Самат Төлегенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а.:
- Алматы облысының Үлкен Ақсу ауылында карантин енгізілді. Сондықтан бұл аумаққа тірі жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін алып кіруге және осы жерден алып кетуге тыйым салынады. Қазір ауыл төңірегінде дезинфекция жүргізу үшін министрліктің эпизоотияға қарсы отряды жұмылдырылды. Қажетті мамандар мен арнайы техника штаты бар. Барлық ветеринариялық-санитариялық шараны бақылауға алдық.