Маңғыстау облысында қоқыс полигоны өртеніп жатыр
Қолқаны қабатын көк түтін кеше Мұнайлы ауданы мен Ақтауға жетті. Экологтар ауа құрамында улы газдардың шекті мөлшерден көп екенін анықтады, деп хабарлайды 24kz.
Полигон аумағы 6 учаскеге бөлінген. Соның екеуі қоқысқа толы. Өртеніп жатқаны екінші учаске. Экологтар оған рекультивация жұмыстарын жүргізбеген кәсіпкерге 700 мың теңгеден астам айыппұл салды. «Полигонда жиналған қоқыс сұрыпталмағандықтан өздігінен жанатын биогаз пайда болған», – дейді өңірдің бас экологы Армат Жүсіпқалиев.
Армат Жүсіпқалиев, Экология департаментінің басшысы:
- Мұнайлы ауданы әкімдігінің арқасында сол жерге 7 өздігінен түсіргіш, 4 жүк тиегіш, 1 сүргіш пен 20 шақты қызметкердің арқасында жедел жұмыстар жүргізіліп, өрттің жою жұмысын кеше сағат кешкі 18:00-де аяқтаған болатын. Қазіргі таңда полигонда өрт сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Біз қазір сөндірдік, болдық деп айта алмаймыз. Себебі ол астынан келіп жатқан биогаз, әр уақытта шығып кету қаупі бар.