Ақтауда инватакси қызметінен шикілік шықты
Маңғыстау облысында 3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанның құқығы қорғалды, деп хабарлайды 24kz.
Құзырлы орган инватакси қызметін тексерген кезде 20 көліктің 17-сінің жұмыс күндері шектеулі уақыт аралығында тасымал жүргізгенін анықтады. Мүгедектігі бар адамдарға такси қызметін көрсетуге өңірдегі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жауапты. Алайда, бүгінге дейін бұл жұмысты 7 коммуналдық мемлекеттік мекеме негізсіз атқарған. Прокурорлық қадағалау актісімен басқарма басшысы жұмыстан шығарылып, 5 ауданда лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапқа тартылды. Енді барлық инватакси демалыс және мерекелік күндерді қоса алғанда тәулік бойы жүретін болды.
Алтынашар Қалаубаева, қала тұрғыны:
- Күнде шақырамын, себебі мен спортқа қатынаймын. Ол кезде жетіспейді. Себебі, бір уақытты есептеп шақырамын ғой, бір күн бұрын. Маған звандап айтады: «ол уақытқа дейін жетіспейді», дейді машиналар, екінші мәселе – ішіндегі жағдай. Кондиционер жоқ. Осы жазда ыссы болды.
Ғани Бұрамбаев, облыс прокуратурасының басқарма прокуроры:
- Жауапты басқарма бұл жұмысты 7 коммуналдық мемлекеттік мекемеге негізсіз жүктеген. Бұл заңға қайшы әрекет. Кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды. Сондай-ақ инватакси санын көбейту бойынша жергілікті атқарушы органға ұсыныс берілді. Қазір таксопарктердің мобильді қосымша арқылы инватакси қызметін ұсынуына тиісті шаралар атқарылып жатыр.