Қарасай ауданында газ жарылып, бір адам көз жұмды

Алматы облысында тұрғын үйде газ жарылып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды 24kz.

Оқиға Жалпақсай ауылында болды. Жойқын жарылыс үйді түгел қопарып тастады. Газдың жарылу себебі әзірге белгісіз.

Бұланты көшесіндегі №4 екі қабатты үйдің қазіргі жағдайы осындай. Үлкен үй екі адамға тиесілі екен. Соның жарылыс болған бөлігі түгел қирады.

Алмас Садуақас, тілші:

- Жарылыстан кейін үй үйіндіге айналды. Көрші үйлердің қабырғалары қақырап, қоршаулары бұзылды. Куәгерлердің айтуынша, оқиға болған кезде үй иесінен басқа бұл жерде төрт адам болған. Бірақ олар зардап шекпеген.

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, жарылыс кеше кешкі сағат 18:03-те болды. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар үйінді астынан 67 жасатағы ер адамның денесін алып шыққан. Марқұмның туыстарымен тілдесуге мүмкіндік болмады. Көршілерінің айтуынша, ол жақында ғана терезелері мен шатырын жөндеп, қысқа дайындалыпты. Үйдің екінші жартысы да оңып тұрған жоқ. Иесі Артем Беличенко енді не істерін білмей дал.

Артём Беличенко, Жалпақсай ауылының тұрғыны:

- Хабарды ести сала, үйге қаладан келдім. Көршіміз аман еді. Оны үйінді астынан әрең дегенде шығарып алды. Артынан төтеншеліктер зембілге салып алып шыққанын ғана білемін. Бірақ мерт болыпты. Үйдегі газды бірнеше рет тексердік. Ешқандай ақау жоқ еді.

Қираған үй табиғи газ құбырына былтыр қосылған. «Ғимараттағы барлық техника мамандардың бақылауынан өтті», - дейді елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ететін компания басшысы.

Ерлан Тойжан, «Алматыгазсервис – Холдинг» АҚ президенті:

- Біздің қызметшілер келіп толық қызмет жасады. Барлық жабдықтарды, крандарды, соединенияның барлығын тексеріп шықты. Ол әртүрлі жағдай болады. Кран бітеліп қалуы мүмкін, әртүрлі, немесе пеш өзі қазандығы дұрыс істемеуі мүмкін. Ондай қорытынды айту мүмкін емес.

Қайғылы жағдайдан кейін Қарасай аудандық прокуратурасы тексеріс бастады. Төтеншеліктер жарылысқа газбен жабдықтау жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бірақ нақты себебі арнайы сараптамадан кейін белгілі болады. Оның қорытындысы 1 апта көлемінде шығуы мүмкін.

Авторлары: А.Садуақас. С.Бейсекенов