Алматыда автобус жүргізушісін ұрғандар ұсталды

Алматыда автобуста жанжал шығарып, жүргізушіні жабылып сабаған жолаушылар қолға түсті.

Қазір аталған дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізуде. Бұл туралы Алматы қалалық полиция Департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға кеше кешке болған. Қоғамдық көлікте үш ер адам өзге жолаушымен ұрсысып қалады. Осы жанжалды баспақ болған автобус жүргізушісін бұзақылар сыртқа алып шығып, жабылып ұрады. Күдіктілер соққыдан есін жоғалтқан жүргізушіні тастап, қашып кетеді. Алайда қақтығысқа қатысы барлар көп ұзамай қолға түсті. Енді олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі.