Пойызда Ұлттық ұлан сарбазын ұрып-соққан күдіктілер ұсталды
Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғандар құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл жөнінде бүгін Ішкі істер министрлігі хабарлады. Жәбірленушіге дене жарақатын оның бұрынғы қызметтестері келтірген екен. Полицейлер екі күдіктіні бір тәулік ішінде тауып, қолға түсірген.
Қазір тергеу аясында олардан жауап алынды. Енді күдіктілердің әрекеттеріне, соның ішінде бейнетүсірілім жасаған адамға да, құқықтық баға беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, кеше бұл бейнематериалмен Мемлекет басшысы да танысып, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.