Қарағанды облысында дала өрті кезінде өрт сөндіруші қаза тапты
Қарағанды мен Павлодар облыстарында өрт сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Әзірге қатты желдің әсерінен қызыл жалынды толықтай өшіру мүмкін болмай тұр. Айта кетейік, Қарқаралы ауданында дала өртін сөндіру кезінде төтенше жағдай қызметкері қаза тапты. 33 жастағы аға өрт сөндіруші Хайрат Хали бұл салада 2014 жылдан бастап еңбек еткен. Қайғылы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Марқұмның жерлеу рәсіміне және отбасына жан-жақты көмек беріледі. Ал отты ауыздықтауға 609 адам мен 110 техника және 4 тікұшақ жұмылдырылған. Құтқарушылар Желтау елді мекенінің 18 тұрғынын қауіпсіз жерге көшірді. ТЖ вице-министрі Еран Нұрпейісов пен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оқиға орнына барды. Арнайы штаб жұмыс істеуде. Өрт кезінде зардап шеккен тағы 4 адам қазір ауруханада жатыр. Олардың 2-уі өрт сөндіруші, біреуі көмекке жұмылдырылған ерікті, енді бірі - ауыл тұрғыны.
Берік Төлеубаев, Х.Мақажанов атындағы Көпсалалы ауруханасы травматология орталығының басшысы:
- Кеше Қарқаралы ауданының Шөптікөл ауылы маңында дала өрті пайда болды.Өртпен күресу кезеңінде 4 науқас ауруханаға түсті. Кеше Қарқаралы аудандық ауруханаға, одан кейін бізге жеткізілді. Қазір жағдайлары тұрақты. Бүкіл керек емшараларды алып жатыр науқастар.