Қарағанды облысында қарақшылық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды

Қарағанды облысында қарақшылық шабуыл жасап, бой тасалап жүрген күдікті Ресей аумағында ұсталды, деп хабарлайды 24kz.

Ол 2015 жылы таныстарымен алдын ала сөз байласып, Шахтинск қаласындағы мейрамханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасады деген күдікке ілінген. Салдарынан мейрамхана иесіне 46 млн теңгеден астам материалдық залал келген. Айыпталушының серіктестері бірден қылмыстық жауапқа тартылды. Жоғарыда аталған заң бұзушылығы үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Әсел Берқалиева, ҚР Бас прокуратурасының өкілі:

- Осы жылдың мамыр айында ол Ресей Федерациясының Ростов облысында ұсталды. Содан кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.