Талғардағы оқиға Ішкі істер министрінің жеке бақылауында
Талғарда бір топ адамның қолынан мерт болған 16 жасар Шерзат Болаттың туыстары тергеу мен соттың ашық өтуін талап етті, деп хабарлайды 24kz.
Осы орайда Алматы облысының полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы Серік Шалқаров, қылмысқа қатысты жиналған дәлелдердің толық зерттелетінін мәлімдеді. Қоғамды дүр сілкіндірген іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Қазір 7 адам күдікті ретінде қамауға алынды. Алайда, марқұмның жақындары сол жерде болған тағы 6 адамды да ұстауды сұрады. Бүгін жәбірленуші тараптың адвокаттары мен өкілдері Қонаев қаласына барып, материалдарымен танысты. Ауыр қылмыс 4 қазанда Шерзат Болаттың отбасы жалға алған дүкеннің жанында болды. Туыстарының айтуынша, дүкенге келген сатып алушы спирттік ішімдіктің ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Бір топ жігіт Шерзат пен әкесін жабылып ұрып, жасөспірімді пышақтайды. Шерзат қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жан тапсырды. Бүгін осы оқиғаға қатысты тағы бір ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Онда жасөспірімді өлімші етіп сабағандар «Хуторлық банда» өкілдері болуы мүмкін екені айтылған еді. Алайда Серік Шалқаров мұны жоққа шығарды.
Серік Шалқаров, облыстық полиция департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Біздің осы Талғар ауданының полиция қызметкерлері бойынша қазіргі таңда қызметтік тексеру жүріп жатыр. Қызметтік тексеру біткеннен кейін барып соның шешіміне қарап шешім қабылданатын болады. Қазіргі таңда ол жерде «Хуторский банда» деген жоқ. Ешқандай ОПГ жоқ. Және де қылмыстық іспен өтіп жатқан азаматтар ол жерде бір топта не болмаса бандада тұрмайды.