Алматыда сегіз қабатты үйден өрт шықты

Алматыдағы Құрманғазы және Байтұрсынұлы көшесінің қиылысында, нақтырақ айтқанда Қашқар көшесінде орналасқан үйден өрт шықты.

Суыт хабар түскі он екіге таман түскен. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, үйдің шатырынан басталған тілсіз жау жетінші, сегізінші қабаттарды шарпыған. Оқиға орнында 25 өрт сөндіруші мен 6 техника жұмыс істеді. Автосатылар орнатылып, өрттің жайылып кетпеуі үшін үздіксіз су шашылды. Қазір тілсіз жау сөндірілді. "Қауіп сейілді", - деп хабарлады өрт сөндірушілер. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Тілсіз жаудың шығу себебі анықталып жатыр.

Айдар Сқабаев, Алмалы ауданы ТЖБ бастығы:

- Өрт түскі сағат 13:25-те толық сөндірілді. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Алдын ала болжам бойынша қызыл жалын шамамен 420 шаршы метр жерді шарпыды. Өртті сөндіруге тез жанатын материалдан жасалған мансард құрылысы кедергі жасады.