Алматыда заңсыз салынған 60 құрылыс фактісі анықталды

Алматыда нормативтік талаптарды белшесінен басып, заңсыз салынған 60 құрылыс фактісі анықталды.

Бұл туралы Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Арман Рахимов айтты. Мысалы, Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін созу жобасының құны асыра көрсетілген. Тексеруден соң жоба түзетіліп, 1 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты қайтарылды. Одан бөлек, жыл басынан бері мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастырудағы заңсыздықтың алды алынып, 4,1 млрд теңге үнемделді. Жалпы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру мегаполистің әлеуметтік маңызды салаларындағы көптеген келеңсіз жәйттерді анықтады. Сондай-ақ департамент биыл жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 4 адамға ақшалай сыйақы берді.

Арман Рахимов, Алматы қ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы:

- Әр өңірдің ерекшелігі мен өзекті мәселелерін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленген болатын. Картаға сәйкес бүгінгі таңда қала тұрғындарын толғандыратын 11 негізгі сала бар. Біздің жұмысымыз осы салада көрініс тапқан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған.