Киік пен қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға өтемақы беріледі

Батыс Қазақстан облысында егістігін киік таптап кеткен және құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға өтемақы төлене бастады.

Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 3 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Елімізде көктемгі санақ бойынша шаруаларды әуреге салған ақбөкендердің саны 3 миллионға жуықтапты.

Мал азығының тапшылығына байланысты Батыс Қазақстанның Жәнібек пен Бөкей ордасы ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, дала жануарлары бір миллионнан астам алқапты таптап кеткен. Салдарынан онтүстік аудандардағы 1200 шаруа шығынға батып отыр. 

Рүстем Зұлқашев,  БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі беріліп жатқан субсидия ереже бойынша мал азығын дайындауға кеткен шығынның бір бөлігін өтеу деп аталады. Біздер қазір әрбір аналық басқа методикамен есептеп, жылқы, ірі қара мен қой малына төлемдер төлеп бастадық. Және жеке шаруа қожалықтарына шөпті шөбі бар жерден тасымалдағаны үшін кеткен шығындарын өтеп жатырмыз.

Жануарлар әлемін күзетіп жүрген мекеменің бірі Охотзоопром өндірістік бірлестігі. Табиғат сақшыларының есебінше елімізде 2,8 миллионнан аса киік бар. Бұл көктемгі санақтың қорытындысы.

Мамандардың пікірінше, әртүрлі инфрақұрылымның әсерінен ақбөкендердің миграциялық жолдары жабылуда. Соның салдарынан сайын даланың сұлуы таптап кетеді екен. Жабайы жануарлардың шаруашылық жерлерге кіріп кетпеуін қадағалау үшін арнайы штаб құрылған. 

Бақтияр Рамазанов, "Охотзоопром" ӨБ РМК Бас директорының орынбасары:

- Киіктер шабындыққа немесе жаңағы егінге кіріп жатса, сол кезде дереу смс чатқа келіп түседі. Біздің инспекторлар бар, аумақтық инспекцияның инспекторлары бар, шаруалар бар бірлесіп барып айдап ала жаздай сол жұмыстармен айналыстық. 

Еліміздегі биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары болса, ақбөкендердің саны рекордтық көрсеткішке жетті, дейді. Осыған дейінгі киіктердің жаппай көбеюі өткен ғасырдың ортасында тіркелген. Ол кезде киіктердің саны 1,4 миллионға жетіп, кейіннен азайып кетіпті. 

Сергей Скляренко, Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының орталық директоры:

- Киіктер жайлы маусымдарда жылына 40 пайызға дейін өседі. Яғни саны екі жылда бір есеге артады. Бірақ бұл жануарлар кейбір жұқпалы індетке төзімсіз келеді. Саны осылай көбейіп, ауру шықса азайып отырады. Бұл табиғаттың заңы. Киіктер шамамен әр 10 жыл сайын өздігінен азайып отырады. Соңғы рет 2015 жылы жаппай қырылды.

Ауыр қыс, пастереллез індетінің таралуынан өзге киіктердің өсуіне браконьерлер көп кедергі. Өткен ғасырда 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында ақбөкен саны күрт азайып, жойылып кету шегіне жеткен. Тек оларды аулауға тыйым салғаннан соң саны ұлғая бастады. Сондықтан ақбөкендердің санын реттеуге өте мұқият қараған жөн,-дейді мамандар. 

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев, Болат Жарылғасов