«Шаңырақ» ҚБ басшысы Алмасбек Садырбай ұсталды
«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбай алаяқтық жасап, 1 млрд 2 млн теңгені қолды етті деген күдікке ілінді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, күдікті өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрған. Сөйтіп, ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға берілетін субсидияларды заңсыз алып отырған. Сондай-ақ жалған кадастрлық нөмірлерді көрсетіп, көмек ақы алу үшін дәйексіз мәліметтер қамтылған өтінімдерді қашықтан беріп келіпті. Қазір күдікті ұсталды, оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамаққа алынды.