Қостанай облысында қазандық ғимараты опырылды

Қостанай облысында жылу қазандығының ғимараты опырылды, деп хабарлайды 24KZ. Оқыс жағдай Аманкелді ауылындағы бөлек тұрған мәдениет үйінің қазандығында болған. Нысан 2022 жылы іске қосылып, бірнеше үй мен әкімшілік ғимараттарды жылумен қамтып келген. Енді жылу беру жүйесін қалпына келтіру үшін бірер күн ішінде контейнер типіндегі блокты-модульді қазандық қолданылады.

Аудан әкімдігі электр қуаты үздіксіз беріліп жатқанын хабарлады. Қазандықтағы апат кезінде үйінді астында қалып, зардап шеккен 55 жастағы ер адамға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ауданға санитарлық авиацияның көмегімен дәрігерлер келді. Ақ халаттылар науқасқа шұғыл көмек көрсетеді.

Өміржан Тұқышев, Қостанай облысы ТЖД бастығының орынбасары:

- Құтқарушылардың көмегімен үйіндінің астынан 1969 жылы туған ер азамат шығарылып, жедел медициналық қызмет мамандарына тапсырылды. Куәгерлердің айтуынша, ғимаратта басқа адам болмаған. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр.