ШҚО-да саңыраулар қоғамының басшысы алаяқтығы үшін әшкереленді
Қазақстан саңыраулар қоғамының «Шығыс» корпоративтік қорының басшысы алаяқтық жасаған деген күдікке ілінді.
Бұл жайында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.
Күдікті «мүгедектерге ымдау тілі мамандары сурдоаударма қызметтерін көрсетті», деп өз шотына 115 млн теңге аудартқан. Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.
Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қазақстандық саңыраулар қоғамының «Шығыс» корпоративтік қорының басшысын алаяқтық жасағаны үшін әшкереледі. Ол мүгедектерге ымдау тілі мамандары сурдоаударма қызметтерін көрсетті деп өз карточкалық шотына 115 млн теңге сомасында бюджет қаражатын аударым жасау арқылы иемденді деп күдіктелуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.