Қатты дауыл: Павлодарда әйел адамның үстіне ағаш құлап көз жұмды

Павлодар қаласындағы дүлей дауылдан бір адамды ағаш басып қалды, деп хабарлайды 24kz.

Жедел жәрдем оқиға орнына 6 минутта жеткен. Алайда ауыр жарақат алған 67 жастағы тұрғынды құтқару мүмкін болмады. Соққының қатты болғаны соншалық, марқұмның аяғы, кеуде қуысы, жамбас сүйектері мен омыртқасы сынған.

«Ішкі ағзалары да зақымданған», - дейді дәрігерлер.

Жалпы өңірде дауылдан келген шығын есептеліп жатыр. Қатты желден ағаштар құлап, үйлердің шатыры ұшқан. Бірнеше көлікті ағаш басып қалған. Электр желілеріне зақым келіп, су тарататын станцияның жұмысында іркіліс болған. Салдарынан бірнеше шағын аудан біраз уақыт сусыз қалды. Қазір төтенше жағдайдың зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр. Үйлерге су беріле бастаған.