57 млн теңге жымқырған күдікті Швециядан экстрадицияланды

Аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқырды деген күдікті Швециядан елге жеткізілді.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері еліміздің Стокгольмдегі Елшілігінің көмегімен Қазақстан азаматын экстрадициялады. Ол 2015-2020 жылы Шымкенттегі сауда орталығында жұмыс істеп жүріп, өзіне сеніп тапсырылған 57 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. Ақпан айында ол Швецияда ұсталды. Қазір ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Енді мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін. Былтыр швед тарабы Қазақстанға іздеуде жүрген 2 адамды экстрадициялаған болатын, олар қазір жазасын өтеп жатыр.