Биыл елімізде 22 мыңнан астам жол апаты тіркелді

Жыл басынан бері республика жолдарында 22 мыңнан астам жол апаты тіркелген, деп хабарлайды 24kz.

Онда 2000 адам қаза тауып, 25 мыңнан астамы түрлі дене жарақаттарын алған. Бұл туралы әкімшілік полиция комитетінің өкілдері мәлімдеді. Статистика жылдамдықты шамадан тыс асыратындарға тұсау болмай тұрғанын көрсетіп отыр. Енді жүгенсіз жүргізушілерді жөнге салу үшін полицейлер қандай шараларды қолға алмақ?

Риат Шони, тілші:

- Елімізде жол апаттарының саны 2 есе өскен. Бұл жерде айта кету керек, бұндай оқиғаларды есепке алу тәсілі өзгерген. Яғни, қазір жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінгендердің барлығы есептеліп жатыр. Осыдан статистикалық көрсеткіш те 2 есе өскен. Ал адам шығыны сол былтырғы сандармен сәйкес келеді. «Енді қаза тапқандардың саны өскен жоқ», - деп тәртіп сақшылары да қол қусырып отырмай, нақты шаралар қабылдап жатыр.

Қазір полиция қызметкерлері желмен жарысатын жүргізушілерге бақылауды күшейткен. Жыл басынан бері масаң күйде көлік айдаған 21 мыңға жуық азамат ұсталған. 25 мың темір тұлпар иесі жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұдан бөлек, 20 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынып, 400 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.

Сондай-ақ тәртіп сақшыларының осы тасжолдарды күтіп ұстайтын мекемелерге де бірқатар сұрақтары бар. Қазір бұл бағытта да жұмыс күшейтілген. 38 мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, 36 мыңға жуық кемшілік анықталған. Нәтижесінде 5,5 мың лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Енді адам шығынына келер болсақ. Негізінен жылдамдықты арттырып, жарысудың салдарынан жол-көлік оқиғасы болып, адамдар қаза тауып жатады. Олармен күресте тәртіп сақшылары бақылау камераларын кеңінен қолдануда.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

- Жылдамдық режимін бақылаудағы тиімді шешім автоматты камераларды қолдану болып табылады. Олардың саны бүгінде шамамен – 25 мың. Оның ішінде елордада 6134, Алматыда 9190 және Шымкентте 1700 бірлікті құрайды. Камералар жалпы жол ережелерін бұзушылықтың 70%-ін анықтады. Одан бөлек, статистика бойынша жол апатының 83% елді мекендердің үлесінде. Бұл ретте жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде әкімдіктердің көңіл бөлуін талап етеді.

Жалпы камералардың көмегімен шамамен 7 млн бұзушылық анықталған. Бұл жүйелер негізінен қалаларда орналасқан. Ал қала сыртындағы жолдарды патрульдік көліктер қадағалайды. Яғни, бұндай машиналар жол ережелерін бұзуды тіркейтін борттық жүйелермен жабдықталған. Қазір осындай 250-ден астам патрульдік автокөлік бар. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары жасырын патрульдеу жобасын да енгізіп жатыр.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

- Яғни, сәйкестендіру белгілері жоқ полиция көлігінің салонында автоматты камералар орнаттық. Қазіргі уақытта жасырын патрульдеу режимінде полицияның он шақты көлігі жұмысты бастап кетті және жыл соңына дейін олардың санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Елді мекендердің ішінде осы тектес камералар автобустардың салондарында жасырын орнатылады, қазір 5 маршруттық автобус жабдықталған, жыл соңына дейін олардың санын көбейтуді және жедел жәрдем көліктеріне де орнатуды жоспарлап отырмыз.

Сөз соңында ата кетейін, интернет-агрегаторлармен де ынтымақтастық аясы кеңейді. Тасымалдау қауіпсіздігін арттыру мақсатында Ішкі істер және Көлік министрлігі Indriver, Yandex сияқты интернет-агрегаторлармен меморандум жасасты. Енді 2025 жылдан бастап тек тіркелген жеке тасымалдаушыларға ғана қызмет көрсету мүмкіндігі беріледі. Оларға қойылатын талаптар ішінде медициналық тексеруден өту, көлікті техникалық байқаудан өткізу, еңбек және демалыс режимін сақтау шарттары бар.