Астанада 33 адам ғаламтордағы алаяқтардың құрбаны болды

Онлайн сауда жарға жығып, сан соққандардың қарасын көбейтті. Тұтынушылардың құқығына қатысты ешқандай заң жоқ па? Жалпы биылғы статистика қандай? Алаяқтық дерегі қаншалықты жиі тіркеледі?

Бас прокуратураның дерегінше, былтыр ел бойынша 44 мыңнан астам алаяқтық фактісі тіркелген, оның 21 мыңы интернет-алаяқтыққа жатады. Ал биыл 18 мыңнан аса кибералаяқтық тіркелді. Сотқа 14 мың іс жіберілді. 5714 адам сотталды. Материалдық шығын жүздеген млрд теңгеге жеткен. Зардап шеккендерге 37 млрд теңге қайтарылды. Қазір бір ғана Астананың өзінде әккілердің әрекетінен 100-ден астам адам зардап шегіп отыр.

Абзал Әмірхан, қала прокуратурасы басқармасының прокуроры:

- Астанада жиһаз өндірісі саласында алаяқтардың әрекеттерінен 105 адам зардап шекті. Оның ішінде 33 адам интернет алаяқтардың құрбаны болды. Қазіргі уақытта сотқа 43 қылмыстық іс жолданды. Бүгінгі күні қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде 62 мың қылмыстық іс қарастырылып жатыр. Олардың әрқайсысы бойынша күдікті тұлғаларды анықтау үшін шаралар қабылдануда. Барлық бұл қылмыстық істер қалалық прокуратураның ерекше бақылауында.

Қазір жауапты органдар ватсап немесе Telegram-ботты іске қосады. Ол жерге тұрғындар өздерінің шағымын білдіріп, көрген-білген қылмыстық фактілері туралы хабарлайды. Дәл осы құралды елорда тұрғындары қолданып жатыр ма? Мүмкін арнайы платформа бар шығар?

 

Қала прокуратурасының Whatsapp-ботына 20 мың адам жүгінген

Жыл басынан бері 20 мыңнан астам астаналық қала прокуратурасының Whatsapp-ботына жүгінді. Тұрғындар өздерінің күмән тудырған нөмірін алаяққа тиесілі ме, жоқ па – соны анықтау мақсатында осы платформаны қолданған. Себебі ол дерекқордағы телефон номерлерінің тізіміне талдау жүргізіп, оның қылмыстық мақсатта пайдаланылу тарихын ескереді. Кейін қолданушыға тиісті ақпарат береді. Прокурорлардың айтуынша, бұл мессенджерге күніне 100-ге жуық өтініш түседі екен. Жалпы бұған дейін Мемлекет басшысы заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам құруымыз керектігін айтқан еді. Бұл сол тапсырма аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың бір бөлігі.

Дина Нұрпейісова, қала прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

- Қандай да бір нөмірдің алаяқтық топтарға қатысы барын немесе жоғын – осы Whatsapp-боттан көруге болады. Жалпы бұл жоба алаяқтықпен күресу мақсатында жүзеге асып келеді. Әсіресе тауарды онлайн сату немесе сатып алу және өзге де қызметтерді онлайн алу тұрғысында тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

 

Тұтынушылардың құқығына қатысты жаңа нормалар қарастырылады

Тұтынушыларға қатысты заң бар. Бірақ қолданыстағы құжаттың әлсіздігін байқап отырмыз. Сондықтан жуырда Мәжіліс депутаттары бұл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарады. Ол бірінші оқылымда мақұлданды.

Светлана Романовская, «Қазақстан тұтынушылар лигасы» қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы:

- Жаңартуға ұсынылған заң жобасынша бірнеше жаңа норма қарастырылған. Егер белгілі бір дүкен иесі жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмеген болса да, онда ол бәрі бір заң алдында жеке кәсіпкер ретінде жауап беретін болады. Қазір тұрғындардың бұл іске салғырт қарайтынын мойындауымыз керек. Себебі кәсіп иесін дұрыс тексермей жатып келісімшарт жасасады. Немесе қолмен жазылған сенімхатқа сенеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Қандай да бір қызмет түрін қолданғанда оны әбден тексеріп алу қажет.

Сондай-ақ жаңа нормаға сәйкес, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі «Омбудсмен институты» енгізілуі мүмкін.