Қарағанды облысында интернет алаяқтар ұсталды
Қарағанды облысында 3 бірдей интернет алаяқ қолға түсті.
Жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Теміртау қаласының 34 және 36 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Күдіктілер ұялы байланыс абоненттік құрылғысының сәйкестендіру кодын өзгертіп, оны алаяқтық мақсатта пайдаланған. Байланыс құралын жалға алған пәтерге орналастырған. Құйтырқы әрекеттері әшкере болмас үшін әр 10 күн сайын SIM-картаны ауыстырып отырған. Пәтерді тінту кезінде 232 SIM-карта мен екі жиынтық сим-бокс жабдығы тәркіленді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының 30 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол әлеуметтік жәрдемақы және жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деп алдап, онлайн-несие рәсімдеген. Оның 11 алаяқтық іске қатысы бар екені дәлелденді.
Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
- Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқыққа қайшы әрекеттердің барлық мән-жайын және ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде.