Ақтөбеде кепілде болған әйелдің жағдайы ауыр. LIVE
Қылмыскердің қолында кепілде болған әйелдің жағдайы ауыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері хабарлады. Естеріңізге сала кетсек, өткен түнде Ақтөбеде жантүршігерлік оқиға болды. Белгісіз адам жеке тұрғын үйлердің біріне баса-көктеп кіріп, үш тұрғынды кепілге алған болатын.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Түнгі оқиғада зардап шеккен жандар дәл осы ауруханаға жеткізілді. Атап айтқанда, 41 жастағы әйел адамға шұғыл операция жасалған. Дәрігерлер қолдары мен бас жарақаты бар дейді. Сондай-ақ психологиялық көмек те көрсетіліп жатыр. Әзірге ауыр халде. Қылмыскер кепілге алған екі тұрғын түнде қаза тапты. 67 жастағы анасы ауруханаға жетпей, жедел жәрдем көлігінде көз жұмса, 75 жастағы өгей әкесі операция кезінде қайтыс болды. Естеріңізге сала кетсем, кеше кешкілік «102» нөміріне Ақтөбенің Мәскеу ауданындағы жеке баспананың бірінде белгісіз адам үш тұрғынды кепілге алғандығы туралы ақпарат түскен. Жедел жеткен полицейлер келіссөздер жүргізді. Күдікті көнбеген соң тұтқындарды құтқару операциясына кіріскен. Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Қанды қылмыстың себебі тергеу кезінде анықталады.