Заң мен тәртіп: Алматыда интернет алаяқтарының call-орталығы жойылды

Алматыда интернет алаяқтарының call орталығы жойылды.

Күдіктілер көрші елдің азаматтарын криптовалюта мен қор нарығына инвестиция салуға шақырып, алдаумен айналысқан. Нәтижесінде 24 күдікті ұсталды. Оның 5-уі - шетелдік. Кеңседен 55 компьютер, 6 ноутбук, 30 ұялы телефон және көрші мемлекеттің азаматтары туралы деректер табылып, тәркіленді.

Қаныш Ашжанов, ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

- Call орталық жұмысшыларының міндетіне криптоинвестиция салғысы келетін адамдарды іздеп, оларды алдап арбаумен айналысу кірген. Ауыспалы нөмірлер арқылы жәбірленушілермен байланыс орнатылып, кейін оларға фишингтік сайттарға сілтемелер жіберілген. Осылайша адамдар туралы дербес деректер жиналған. Одан соң алаяқтардың ықпалымен азаматтар өз қаражатын крипто-әмияндарға жіберген. Қазір қылмыстық іс тергелуде.