Астанада орта державалар мәселесіне арналған форум өтіп жатыр

Астанада орта державалардың халықаралық саясаттағы салмағы сараланды, деп хабарлайды 24KZ.

Әлемнің 22 елінен келген саясаттанушылар мен сарапшылар қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру жолдарын талқылады. Орта державалардың рөліне арналған форумға осы және өзге де тақырыптар арқау болды.

Мемлекеттің территориялық аумағы, халқының саны мен амбициясы. Индонезияның сыртқы саясат қауымдастығының төрағасы Дино Патти Джалалдың пікірінше, орта державаларды өзгелерден ерекшелендіретін өлшемдер – осы. Дегенмен бәрі бірдей сыртқы саясатқа ден қоя бермейді. Бұл  – үлкен олқылық. «Ғаламның құбылмалы кезеңінде ұлтпен бірге жаһандық мүддені қатар алып жүрген мемлекет қана ұтады», – дейді форумға қатысушылар.

Дороти Шмидт, Францияның халықаралық қатынас институтының аға ғылыми қызметкері:

- Орта державалардың институционалдық тұрғыдан танылу мәселесі бұрыннан айтылып келеді. Бірақ бұл сессияда спикерлердің оларды біріктіретін ортақ институттың жоқ дегені мені таңғалдырды. Себебі Батыс әлемі бүгінде ауқымы кеңейіп жатқан БРИКС ұйымын сондай институт деп біледі. Бірінші сессиядан түйгенім, Орта державалар жаһандық мәселені  бірлесіп шешуге мүдделі. Бұл ретте Қазақстан Еуропа мен Азияны, Тынық мұхиты аумағы мен Таяу Шығысты бір арнаға тоғыстыратын платформа саналады. Қазақстанның географиялық орналасуы осы аймақтардың күшін біріктіруге мүмкіндік береді.

Виктор Кипиани, Geocase зерттеу институтының төрағасы:

- Иә, әлемде бірқилы жағдай қалыптасып отыр. Ал оған өзгеше шешім керек. Осы ретте орта державалардың рөліне үңілген абзал. Орта деп аталғанымен, әрқайсысының беделі бар, әрқайсысы бүгінгінің мәселесін шешуге септеседі. Міне, осы ретте Қазақстанның рөлі жылдан-жылға артып келеді. Ол аймақтағы түрлі түйткілдің түйінін тарқатуға ықпал ете алады. Соның ішінде Оңтүстік Кавказ бен Грузия үшін де маңызды мәселені шешуге көмегін тигізе алады деген сенімдемін.

Орта державалардың дені тұрақтылыққа ұмтылады. Өйткені әл-ауқатты арттырып, өзара тиімді жобаларды іске асыруда саяси-экономикалық тұрлаудың маңызы зор. Форумға қатысушылардың пікірі осыған саяды.

Ашок Саджанхар, Ғаламдық зерттеулер институтының президенті:

- Қазақстан – осы аймақтағы экономикасы ең ірі мемлекет. Шетелдік инвестиция үлесі жалпы ішкі өнімнің 60-70% құрап отыр. Демек әлеуеті өте жоғары. Қазақстан – атом қаруынан бас тарту арқылы Орталық Азия аумағында ғана емес, жалпы әлемдегі ойып тұрып орын алған, өзін бейбіт ел екенін дәлелдеген мемлекет. Сонымен бірге Таяу Шығыстағы Сирия үшін де, Армения мен Әзербайжанның ортақ ымыраға келуі үшін де диалог алаңын ұсынған бітімгер мемлекет рөліне ие. Сондықтан елдеріңіздің саяси ұстанымына қарап, аймақтағы тұрақтылықты шегендеуге зор үлесін қосып жатыр дей аламын.

Мэнди Жаргалсайхан, Моңғолияның ұлттық қауіпсіздік кеңесі стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

- Мәселен, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын сәтімен жүзеге асырып жатқан елдің бірден-бірі – осы Қазақстан. Моңғолия да – осы ауқымды жобаға қатысушы мемлекеттердің бірі. Десек те Қазақстаннан үйренеріміз мол. Алдағы уақытта Президенттеріңіз Тоқаев мырза Моңғолияға іссапармен келмек. Сол кезде сауда қатынасы міндетті түрде талқыға салынатыны белгілі.

Орта державалар мәселесіне арналған форум екі күнге жалғасады. Әлемнің 22 елінен келген 45 сарапшы 9 түрлі сессияда халықаралық дипломатия, тұрақтылықты қамтамасыз ету, жаһандық сын-қатерге қарсы стратегиялық шешімдер сияқты өзекті мәселелерді талдайды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Диас Қобланбаев.