Мемлекет басшысы АҚШ Сауда министрімен кездесті

Мемлекет басшысы мен АҚШ Сауда министрі Говард Латник екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең көлемді мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Америка Құрама Штаттарымен ықпалдастықты дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. АҚШ еліміздің негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі саналады.

🟦Президент Қазақстанда шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтты. Мемлекет басшысы елімізде америкалық бизнес үшін энергетика, көлік-логистика, цифрландыру, ауыл шаруашылығы салаларында үлкен мүмкіндік бар екенін жеткізді.

🟦Говард Латник Құрама Штаттардың Қазақстанмен сауда-экономикалық, индустриалдық, көлік-логистикалық және инвестициялық салаларда бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға қызығушылық танытатынына тоқталды.

Говард Латник, АҚШ сауда министрі:

– Біздің Президентпен сөйлескеніңізге өте қуаныштымын. Ол өзіңізбен бірлесіп, көп жұмыс атқаруға ниетті екенін жеткізді. Екі елдің экономикалық ынтымақтастығын нығайту өзара сауда байланыстарын дамытуда негізгі рөл атқарады және маңызды минералдарды игеру саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз бұл бағытта бірлесіп инвестиция құя аламыз.