Ташкентте Қазақстан Президентінің Жолдауы талқыланды
Қазақстанның цифрландыру саясатының Орталық Азия елдері үшін маңызы зор.
Жасанды интеллект көмегімен капиталды көбейтуге зор мүмкіндік ашылады. Ташкентте бас қосқан өзбекстандық сарапшылар Қазақстан президентінің жолдауын талқылап, басым бағыттарына тоқталды. Стратегиялық құжаттың негізгі мазмұны салаларды цифрландыру. Қазақстан Елшілігі ұйымдастырған дөңгелек үстелге Өзбекстанның жоғары билік өкілдері, талдау орталықтары мен зиялы қауымы қатысты.
Цифрландыру саясаты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, капиталды еселеуге жол ашады. Ашықтық, азаматтық қоғамның дамуына, шеттен келетін инвесторлардың қаржы құюына кепілдік береді. Өзбекстандық сарапшылар Қазақстан президентінің биылғы жолдауы жақын болашақтың стратегиялық құжаты, деген ой айтты. Мәселен, көрші ел капиталды өсірудің түрлі амалдарын жасағанымен нәтижесі төмен болған.
Абдулла Абдукадыров, Өзбекстан президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі директорының орынбасары:
- Біз алдымен жекешелендіруге басымдық бердік. Бірақ одан түк шықпады. Екіншіден, шетелдік инвесторларды тартып, капиталды ұлғайту бойынша жұмыстар жүргіздік. Әлі де жасалып жатыр. Оның да пайдасы көп емес. Қазір бізге анық жол көрсетіп тұрған сала ол цифрлық технология, жасанды интеллект дер едім. Заманауи көзқараспен жоғарыда айтылған жобаларды жылдамдатып шешуге мүмкіндік бар. Жолдаудың негізі мазмұны да сол болып тұр.
Қазақстанмен Өзбекстан бір-біріне бәсекелес ретінде емес, көршілес, бауырлас, тілектес мемлекет ретінде қарауы тиіс. Сарапшылар ресми Астана мен Ташкенттің өзара тәжірибе алмасып, біріккен жобаларды жүзеге асыруы көпке үлгі екенін айтты.
Равшан Назаров, Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясы институтының аға ғылыми қызметкері:
- Алатау сити жобасына ерекше мән беріліп отыр. Жоғары технологиямен салынатын шаһардың болашағы зор болмақ. Смарт қала тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия аймағы үшін маңызды жоба. Жолдаудағы бір ерекшелік, көтерілген тақырыптардың барлығы цифрландырумен байланыстырылды. Осыдан мемлекеттің болашаққа деген көзқарасын, ұстанымын аңғаруға болады.
Қазақстанның цифрлық даму стратегиясын көрші ел үлгі ретінде қарастырып, жүзеге асыруы ықтимал. Қос мемлекеттің қазір барлық салада байланысы бекем. Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Жақын болашақта тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жоспары тұр. Демек, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін жаңа технологияның көмегі сұранып тұр.
Дулат Нуркин