Қ.Тоқаев пен Т.Шуйок стратегиялық серіктестікті нығайтатын келісімдерге қол жеткізді

Қазақстан мен Мажарстанның тауар айналымы биыл 22%-ке өсіп, 200 млн долларға жетті. Екі елдің арасында бұл көрсеткішті 1 млрд долларға жеткізу туралы уағдаластық бар, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін Астанаға Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок келді. Қасым-Жомарт Тоқаев мейманмен кездесіп, серіктестікке серпін беру жайын талқылады. Келіссөздің нәтижесі қандай?

Бекзат Аманов, тілші:

- Мажарстан – Еуропадағы туысқан халық. Елдеріміздің тарихы тамырлас, тегі мен түбірі тереңнен түйіседі. Бағзы бабалардан басталған байланыстың бүгінде белсенділігі артты. Саясатта да, экономикада да алыс-беріс аз емес. Кәрі құрлықтағы бауырлас ел серіктестікке серпін беруге ниетті. Сол үшін президент Тамаш Шуйок Ақордаға арнайы келді.

Ресми рәсім саясаткерлердің бір-бірін делегация мүшелерімен таныстырудан басталды. Дәл қазір қос президент алдында қаз-қатар тізілген компания басшыларын көріп отырмыз. Делегация көлемді. Демек, келіссөзде талқыланытын тақырып та көп болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев та меймандармен жүздесіп, кейін қос елдің әнұраны шырқалды. Ал ресми рәсімнен соң саясаткерлер келіссөзді бастады. Шағын құрамдағы кездесуде сауда-экономика жайы қаралып, мәденет пен білімге де ерекше назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің еліңізбен көптеген саладағы тығыз ықпалдастықты қолдаймыз. Екі елдің мүддесіне сай келетін бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін. Сол себепті біз саяси, экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге барынша күш саламыз.

Биыл екі ел арасындағы тауар айналымы 22%-ке артты. Көрсеткіш – 165 млн доллар. Алыс-берістің басым бөлігі Мажарстанға тиесілі. Олар елге 153 млн доллар-дың өнімін жеткізген. Ал отандық кәсіпкерлер Мажарстанға 11 млн доллардың тауарын сатты. Алдағы уақытта сауда айналымын 1 млрд долларға жеткізуді туралы жоспар бар.

Тамаш Шуйок, Мажарстан президенті:

- Халықтарымыздың достығы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Қазір де саяси қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейге жетті деп ойлаймын, экономикалық байланыстарымыз да қарқынды дамып келеді. Біз көптеген жобалар мен бастамаларды бірлесе іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Әрі қарай келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Тараптар талқылаған бағыт көп. Әсіресе, сауда-инвестиция, энергетика, атом энергиясы және көлік-логистикаға басымдық берілді. Цифрландыру бойынша ынтымақтастық қарастырылды. Мемлекет басшысының айтуынша, сауда-экономикалық байланыстың берік негізі мен зор әлеуеті бар. Оны бірлескен жобалардан көруге болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз.

Мажарстанның ең үлкен банкі – OTP Қазақстан нарығына кіруі мүмкін. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Сондай-ақ, айти алпауыт 4iG отандық компаниялармен бірге ғарыш, спутниктік байланыс және қорғаныс саласы бойынша ортақ жобаларды талқылауда. Маңызды жобаның бірі – Құрғақ порты. Мамандар бәрі ойдағыдай деп, бастапқы кезеңде 40 млрд доллар инвестиция құйылатынын хабарлады. Алда бұл көрсеткіш еселеп артады. Ал бұл сапардың негізгі мақсаты – екі елге ортақ инвестициялық қор құру.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- 100 млн долларлық инвестициялық қор. Бұл бойынша келіссөздер аяқталды деуге болады. Жақын арада инвестициялық қорды Астана қаржы орталығында құру жөнінде келісімге қол қойылады деп күтілуде.

Жыл сайын 250 қазақстандық студент мажар университеттерінде білім алады. Осы ретте Президент отандық жоғары оқу орындары да мажарлық студенттер мен зерттеушілерді көптеп қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.

Ал Тамаш Шуйок Қазақстанмен байланыс сыртқы саясатта айрықша орын алатынын жеткізді.

Тамаш Шуйок, Мажарстан президенті:

- Мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастығымыз көп жұртқа үлгі. Бұл артық айтқандық емес. Қазақстанмен байланысымызды стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санаймыз әрі жоғары бағалаймыз. Қазіргідей дағдарыс кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастық айрықша мәнге ие бола бастады.

Келіссөз марапатпен жалғасты. Мемлекет басшысы Мажарстан Президентіне І дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Халқымыз мейманды аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы деп қабылдайтынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінде сан қырлы екіжақты ықпалдастық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болатын стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісіне айналды. Жаңа ғана өзіңізбен өткен мазмұнды келіссөздеріміз екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын растады. Елдеріміз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстың аясын кеңейтуге мүдделі.

Өз кезегінде Мажарстан президенті көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Содан соң саясаткерлер БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Тамаш Шуйоктың Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сауда-экономика саласындағы байланысты дамыта түсу қажет екеніне баса назар аудардық. MOL компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәрбінде тағы да басқа ауқымды жобалар бар. Елімізде UBM Group, Gedeon Richter, Globalia сияқты алпауыт компаниялар да жұмыс жүргізуде. Біз инвестициялық қарым-қатынастарымызды одан әрі кеңейтуге мүдделіміз.

Көлік саласына да баса назар аударылды. Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді президенттер екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарастыру туралы келісімге келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңыздылығына баса мән бердік. Осыған орай бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздік. Оған қоса қаржы саласына қатысты тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық.

Мажарстан Президенті елдер арасында тығыз саяси байланыс орнағанын, сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанын және цифрландыру саласындағы ықпалдастық перспективасын атап өтті.

Тамаш Шуйок, Мажарстан президенті:

- Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ байланыстарының әлеуеті зор. «Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін», - деді Тамаш Шуйок.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөзді жемісті деп бағалап, байланыс жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді. «Бүгінгі келелі келісімдер орындалатынына күмәнім жоқ», - деді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы ПТРК