Қ. Тоқаев ТМҰ саммитіне қатысады

Түркі мемлекеттері ұйымы. Бұл бірлестікке мүше елдердің тағдырын тарихы түйістірген. Бағзы бабалардан басталған байланыс болашақта да берік болады. Мұны интеграцияның жаһандық аренада нығайып келе жатқан рөлінен байқауға болады. Қазір ұйымның саяси позициясы да, экономикалық әлеуеті де күш алып жатыр. Тіпті туысқан халықтардың ортақ ойы әлемнің басты мінберінде де айтылған еді.

 Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Біз Орталық Азиядағы бауырлас елдеріміздің тыныштығы, тұрақтылығы мен гүлденуіне үлкен мән береміз. Бұл - біздің атажұртымыз. Түркі мемлекеттері ұйымы алға жылжиды.

Ұйым дамуы қарқын алды. Сарапшылар мұны былай түсіндіреді: бірлестік саяси не экономикалық пайда үшін құрылған жоқ. Бұл жерде тарихы тамырлас, ағайыны бауырлас түркі халықтарының мүддесі жатыр. Ал мүдде бір болса, мақсат та ортақ. Қазір бұл нарықта шамамен 160 млннан аса адам тұрады. Былтыр өзара сауда айналымы 45 млрд доллардан асты.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Қазіргі ахуалда логистикалық тізбектердің үзілуі, олардың сенімді азайтуы, мемлекеттердің арасындағы сенімнің азаюы, экономикалық қарым-қатынастардың бәсеңдеуі, осындай мәселелер алға шығып тұрған заманда ТМҰ керісінше, осы қиындықтарға төтеп беру, бірлесу, жаңа мүмкіндіктер іздеу, өзара сенімді нығайту және осы арқылы экономикалық байланысты бәсеңдетпеу керек.

 Бұл елдердің ортақ ЖІӨ-і 1,5 трлн доллардан асады. Ондаған бірлесен жоба жүзеге асуда. Демек, экономикалық әлеует ұшан-теңіз.

 Мирас Жиенбаев, сарапшы:

– Бүгінгі таңда ТМҰ – институционалдық тұрғыда орныққан, мемлекеттер арасындағы тиімді ықпалдастықтың нақты форматы. Біз жаңа деңгейге көтеріліп, ұйым күн тәртібін экономиканың келешегі зор бағыттарымен толықтырып отырмыз. Бұл тек ортақ тарихи, мәдени және өркениеттік негіздерге сүйену емес, сонымен бірге болашақтың ортақ ережелерін қалыптастыру.

 Бекзат Аманов, тілші:

- Бірлестіктегі Қазақстанның үлесі де айтарлықтай ауқымды. Астананың түркі елдерімен арадағы сауда көлемі 11 млрд доллардан асады. Ал биылғы отырыста Түркі елдерінің орталық банктері кеңесін құру, ортақ экологиялық шешімдер қабылдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету талқыланады. Айтпақшы, алдағы уақытта ұйымның туы ғарышқа ұшырылмақшы. Аспаннан биік көтерілген түркі туы – ортақ мақсат пен бір бағытта көрсетсе керек.

Автор: Бекзат Аманов