Душанбеде «Орталық Азия – Ресей» саммиті өтеді

Өңірлік интеграцияға арналған екінші отырысқа Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Жиында саяси һәм саудадағы серіктестік талқыланбақ. Саясаткерлердің айтуынша, қауіпсіздік саласына да ерекше назар аударылады. 

Бекзат Аманов, тілші:

- "Орталық Азия-Ресей" саммиті Қазақстаннан бастау алады. Алғашқы отырыс 2022 жылы Астанада өткен. Сол жиында саудадан бастап саяси серіктестік мәселелері тыңғылықты қаралды. Нәтижесі жаман емес. Интеграция белсенділігі артып, былтырдың өзінде өңірлік тауар айналымы 45 млрд долларға жуықтады. Осылайша, 10 пайыздан аса өсім тіркелді. Алайда ол кеңестен бері көп нәрсе өзгерді. Геосаясат құбылып тұр. Демек серіктестіктің негізгі бағыттарын тағы бір қарап алудың айыбы жоқ.

Тәжікстан астанасына президенттер түгел жиналады деп күтілуде. Тиісінше, Душанбе көшелері қарбаласқа толы. "Қазинформ" агенттігінің хабарлауынша, кешеден бастап қала орталығында көлік қозғалысы уақытша шектеліп, ірі сауда орталықтары, базарлар және мешіттердің жұмысы тоқтатылды. 

Шектеу шаралары 12 қазанға дейін созылады. Мәртебелі меймандарды қарсы алуға тиянақты дайындалған екен. Қаланың орталығы арнайы безендіріліп, 2 млн-нан астам гүл отырғызылған. Ал Душанбе әкімдігі бұл ишараны әсемдік қана емес, Тәжікстанның қонақжайлығын білдіретін нышан деп атаған.

Ал биыл не талқыланады? Көптің көкегейіндегі сұрақ осы. Ресми мәлімет бойынша күн тәртібінде саяси серіктестікті нығайту мәселесі тұр. Әсіресе өңірдегі қауіпсіздік ісіне баса назар аударылмақ. Бұған дейін түрлі саясаткерлер саммитке қатысты пікір білдірген еді. 

Сол кезде Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдай күрделі екенін, соған байланысты Орталық Азияның қауіпсіздігі мәселесіне айрықша назар аударылатыны айтылды. Әрине, экономикалық ықпалдастық та назардан тыс қалмайтыны түсінікті. Ал саммит тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдап, алдағы екі жылға арналған ынтымақтастық жоспарын бекітеді деп күтілуде. 

Келесі отырыстың қашан өтетіні де белгілі болды. Үшінші басқосу 2027 жылы ұйымдастырылады. Алайда қайда өтетіні әлі белгісіз, саясаткерлер мұны бүгінгі отырыстан кейін хабарлайтынын жеткізді.