«Қазақстан – Финляндия» бизнес форумында жаңа жобалар ашу мүмкіндігі талқыланды
Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта олардың қатары толыға түсуі мүмкін. Бүгін екі елдің кәсіпкерлері жиналып, жаңа жобалар ашу мүмкіндігін талқылады. Кеңеске Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб қатысып, бизнестегі байланыстың жандануына барлық жағдай жасайтынын растады. Әлеуеті мол бағыттар да айтылды.
Бұл – қазақ пен финнің бай-бағландары. Финляндия президентінің ресми сапары аясында қос тарап үзеңгі қағыстырудың жолдарын қарастыруға жиналды. Ордалы отырысқа екі елдің президенті де келген. Саясаткерлердің мұндай ишарасы бизнеске сенім дабылын жібереді. Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Ал Қазақстан экономикасы биылғы үшінші тоқсанда 6,3 пайызға артып, жалпы ішкі өнім 300 млрд доллардан асады деп күтілуде. Демек қос тараптың мүмкіндігі қосылса, көп іс тындыруға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші бойынша Қазақстан ТМД, тіпті одан тысқары елдер арасында бірінші орынға ие. Дегенмен бұл көрсеткіш Финляндиядан үш есе төмен. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 140 миллиард доллардан асты. Бұл да осы аймақтағы ең жоғары нәтиже саналады. Негізгі серіктесіміз – Еуропа Одағымен өзара сауда көлемі 50 млрд долларға жуықтады. Шағын және орта кәсіпорындар ұлттық дамудың іргетасы болып отыр. Экономикадағы оның үлесі шамамен 40 пайызды құрады.
Жаһан сарапшылары кейінгі бір жылда теңізге шығар жолы жоқ елдер арасында жаңа жобаларға салынған барлық инвестицияның 80 пайызға жуығы Қазақстанға тартылады деп болжам жасаған. Құны 1 миллиард доллардан асатын жобалардың бестен бір бөлігі еліміздің үлесіне тиесілі. Бұл бастамаларға фин тарапы да қосыла алады. Әлеуеті мол бағыттың тізімін көлік-логистика саласы ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Орта дәліздің әлеуетін одан әрі ұлғайту үшін біз транзит ағынын оңтайландыру мен үйлестіруге арналған Smart Cargo бірегей цифрлық басқару платформасын іске қосамыз. Осы ретте аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалаймыз.
Ақтау және Құрық порттары белсенді жаңғыртылып жатыр. Жылына 240 мың контейнер өткізу мүмкіндігі бар Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысының алғашқы кезеңін биыл аяқтау жоспарланған. Осы ретте тәжірибе алмасудың зор мүмкіндігі туып тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтыламыз. Бұл елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың жаңа бағыты болмақ. Фин компанияларын Еуропа мен Орталық Азия арасында тиімді және орнықты көлік байланысын орнатуға үлес қосып, күш жұмылдыруға шақырамыз.
Атом саласында да серіктесе аламыз. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай әлемде уранға сұраныс 28 пайызға өседі, ал 2040 жылы екі есе артады. Қазақстан - жаһандағы ірі уран өндірушілердің бірі. Әлемдік сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша серіктестік орнатты. Біз бұл ынтымақтастықты құптаймыз. Осы орайда Суомидің қауіпсіздік және орнықты ядролық шешімдеріне арқа сүйей отырып, ядролық қалдықтарды басқару бойынша бірлесе әрекет етуге әзірміз.
Тағы бір бағыт – пайдалы қазбалар. Қазақстанда маңызды минералдардың мол қоры бар. Олардың көбі әлі игерілмеген. Мысалы, Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрі бізде өндіріледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланы да перспективті бағыттардың қатарына қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол екенін байқаймыз.
Ал егістік көлемі бойынша Қазақстан әлемде алтыншы орын алады. Жыл сайын жаһандық нарыққа 10 млн тоннаға жуық бидай және 2 млн тонна ұн жеткізіп, әлемдегі ең ірі астық экспорттаушылардың ондығына кірді. Мемлекет басшысы саланы бірлесе зерттеуге шақырып, әрі қарай жасанды интеллектке тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан ЖИ бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттарында серіктестікті жолға қоя аламыз.
«Бұл - қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады». Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббтың сапарына осындай баға берді. Екі тарап та байланысты бекітуге бейіл. Мұны Президенттер ресми растады. Демек табысты серіктестік одан әрі тереңдей түседі.
Авторы: Бекзат Аманов