Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуі

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты. Мемлекет басшысы Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты. 

Әрі Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады. Сондай-ақ Бакудің жаңа статуста аймақ ынтымақтастығын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім артты. Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері өз тиімділігін дәлелдегенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Орталық Азияның көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын бірлесіп әзірлеуді ұсынды.

Өңірлік ықпалдастықтың экономикалық негізін күшейткен толайым табыстарда жоқ емес. Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 млрд долларға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған әрі жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнаған берекелі өңір ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев серпінді жобаларды бірлесе іске қосуды ұсынды. Мәселен, Қазақстан бидайды, майлы дақылдарды, ет-сүт өнімдерін терең өңдеу, мал және органикалық егін шаруашылықтарын дамыту арқылы тиімді жұмыс атқаруға дайын. Орталық Азия елдерінің Еуразиядағы негізгі транзиттік торапқа айналуға бірегей мүмкіндігі бар. Мемлекет басшысы елдеріміз тек келісімді әрі үйлесімді әрекет еткенде ғана аймақтың әлеуеті толық ашылатынына сенімді. Президент жиынға қатысушылар назарын сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы ықпалдастық перспективасына аударды.