Депутаттар жаңа Конституция жобасындағы тілге қатысты сауалдарға жауап берді

Мәжіліс депутаттары қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан жаңа Конституция жобасындағы тіл тақырыбына қатысты сауалдарға жауап берді.

Мәжілісмендер әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделілігін айтып, тіл мәселесі қазір қауіпсіз факторға айнал-ғанын тілге тиек етті. Әрі ол жаһандық саясаттағы құрал деді. Ата заң үшін алаңдаған жұртқа, депутаттар тағы не деп жауап берді?

Парламентте қазақ тілі үшін менен артық күрескен ешкім жоқ. Қоғамды толғандырған тіл тағдыры туралы сауалға жауап берген Қазыбек Иса сөзін осылай бастады. Бұл депутаттың  құр кеуде қаққаны емес. Мәжіліс мінберіне келгелі тындырған толайым тірліктері үшін өзіне берген бағасы. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын азаматтық алу үшін мемлекеттік тілден тест тапсыру керектігі туралы бап енгізілді. Бұл шекарамызға енді екінің бірі емін-еркін ене алмайды деген сөз. Депутат осы бағыттағы заңнаманы әлі де жетілдіру керек деп отыр. Ал жаңа Конституция жобасындағы тілге қатысты кез келген қатаң шешім сыртқы күштерге ақпараттық және саяси манипуляция жасауға дайын аргумент болмақ дейді.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тіл мәселесінің байыптылығы тұрақтылықты сақтайтын механизм қызметін атқаруда.Тәуелсіздікті алу қандай қиын болса, Тәуелсіздікті сақтап қалу да сондай қиын дейді данышпандар.   Сондықтан бұл мәселеге біз байсалды байыппен, салмақты сабырмен қарауымыз керек. 

Конституция әр азаматтың тағыдыры мен болашағына тікелей әсер ететін негізгі құнды құжат. Сол себепті сын-пікірдің айтылуы қалыпты әрі қажетті жағдай. Дегенмен, ата заңның жаңарып-жаңғыруына себеп көп. Мәселен, 1995 жылы қабылданған Конституцияны жазған 12 адамның үшеуі шетел азаматы. 

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір қолданыстағы Конституцияның қазақша мәтінінде бір ізділік жоқ. Баптары шұбалаңқы, күрделі. Қарапайым адам түгілі заңгерлердің өзі әрең түсінетін. Жаңа ата заңның қазақша нұсқасы толықтай қайта жазылды. 

Қоғамда құжатты манипуляциялық құрал ретінде қолданатындар пайда болды. Әлде біреу әлеуметтік желіде ата заңның жаңа жобасында «жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салынғаны туралы» тармағы жойылды деген қауесет таратты. Артынша жалған ақпарат таратқан алматылық азамат анықталып, жаза арақалады. Бақытжан Базарбек осы сарындағы хабарламалардың артында мүдделі топтар тұруы мүмкін деген күдігін жасырмады. 

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Екі Конституцияны салыстырып, қарау керек. Ол ашық жазылып тұрған дүние ғой. Бұл дезинформацияның мақсаты не? Қоғамды дүрліктіру. Дүрліктірудің мақсаты Конституцияға, билікке деген сенімсіздікті көрсету.

Ел арасында болашақ Парламент құрамында болатын 145 депутаттың санына қатысты пікірлерде бар. Бірақ мәжілісмендердің бұған жауабы дайын.

Мысалы, 10 млн халқы бар Португалияда 230, Швецияда 349, ал 3 миллион тұрғыны бар Литвада 140 депутат. Ал біздің болашақ Құрылтай Еуропа елдерімен салыстырғанда 5 есе ықшамдалатынын айтады. 

Шерхан Абзалұлы, Мұрат Әріпханов