Қазақстан тарихы көптомдығының дизайны талқыланды
Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті.
Жиында көптомдықты безендіру дизайнының тұжырымдамасы талқыланды. Ғылым және жоғары білім министрі, редакциялық алқа төрағасының орынбасары Саясат Нұрбек іргелі еңбектің 1-4 томдарын басып шығару алдындағы дайындық жұмыстарын баяндады. Ал Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы көптомдықты безендіру дизайнының тұжырымдамасын таныстырды. Сонымен қатар редакция алқасы отырыста Қазақстан тарихының ХІХ және ХХ ғасырдың басындағы кезеңіне арналған бесінші томның қолжазбасын қарады. Оған қатысты ой пікірлер тыңдалды. Редакция алқасы академиялық басылымның бесінші томын жетілдіру жұмысын одан әрі жалғастыру және келесі отырыста көп томдықтың алтыншы томын қарастыру туралы шешім қабылдады.
«Жалпы кейінгі жылдары отандық ғылым көп ғасырлық тарихымызды кешенді зерделеу бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Осы тұрғыдан алғанда тарихымыздың академиялық жеті томдығы біздің қоғамның бірегейлігі мен тарихи жадының тұтастығын қалыптастыруда негізгі құралдардың біріне айналды. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасының преамбуласы да бірегейлігімізді нығайтудың маңызды факторы саналады. Онда Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы нақты көрініс тапқан», – деп атап өтті басқосуда Ерлан Қарин.