Қазақстан тарихы: академиялық басылымның редакциялық алқа отырысы өтті

Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің төрағалығымен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу жөніндегі редакциялық алқаның 14-қорытынды отырысы өтті.

Редакциялық алқа мүшелері Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған қорытынды жетінші томды баспаға әзірлеудің келесі кезеңіне ұсыну туралы шешім қабылдады. Редакциялық алқаның атқарған жұмысының қорытындысын шығарған Ерлан Қарин жоба бойынша негізгі ғылыми-академиялық және әдіснамалық жұмыстардың басым бөлігі аяқталғанын атап өтті. Енді жоба техникалық және баспаға  дейінгі дайындық кезеңіне өтеді. Алда әдеби редакциялау, мәтінді бірыңғай стильге келтіру, аудару, карталар мен иллюстрацияларды цифрлық өңдеу, сондай-ақ кітаптың беттелуін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылады. Өз сөзінде Ерлан Қарин редакциялық алқа мүшелері мен авторлар ұжымының атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай ауқымды әрі маңызды ғылыми-ағартушылық жобаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары:

- Президент шет мемлекеттердің архивтері мен кітапханаларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды елге әкелуге бастамашылық етті. Бұл іс "Архив -2025" жобасының аясында жүзеге асырылды. Яғни қайталап айтамын осы жылдар аралығында төл тарихымызды жаңғыртуда үлкен бетбұрыс жасалды. Соның бірі - өздеріңіз бірнеше жыл бойы үздіксіз айналысып отырған Қазақстан тарихының академиялық көптомдығы. Осындай іргелі істерге бастамашы болып, оған барлығымыздың қатысуымызға мүмкіндік берген үшін тарихшылар қауымдастығынан және редакциялық алқа мүшелері атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. 

Редакциялық алқаның төрағасы Ерлан Қарин көптомдық «Қазақстан тарихын» әзірлеу бастамасын Мемлекет басшысы 2021 жылғы қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көтергенін еске салды. Бұл еңбек ең заманауи ғылыми тәсілдерге сай дайындалуда. Ерлан Қарин көптомдық Қазақстан тарихын әзірлеу 300-ден астам беделді отандық ғалымды, сондай-ақ 12 елден келген 50-ге жуық жетекші шетелдік маманды біріктірген ірі ғылыми жоба екенін атап өтті. Көптомдықты дайындау барысында 90 архив пен музейдің, оның ішінде 35 шетелдік мекеменің материалдары пайдаланылды. Тарихшы-ғалымдар 5 мыңнан астам архивтік құжатты зерттеп, соңғы жылдары архивтік құжаттардың 100-ден астам жинағын жарыққа шығарды. Сондай-ақ Ерлан Қарин әзірленіп жатқан академиялық еңбектің ең маңызды жаңалықтары мен ерекшеліктері туралы айтып берді. Жиын соңында Ерлан Қарин редакциялық алқа мүшелеріне алғыс айтып, оларды Қазақстан тарихының академиялық көптомдығын әзірлеудің аса маңызды кезеңінің аяқталуымен құттықтады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин редакциялық алқа мүшелеріне Мемлекет басшысының жеке үндеуі енгізілген жаңа Конституцияның арнайы басылымын салтанатты түрде табыстады. Онда Президент жемісті еңбегі мен Әділетті Қазақстанды құруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Конституцияда бекітілген құндылықтар мен қағидаттар халықтың әл-ауқатын арттыруға және елдің одан әрі дамуына қызмет ететінін атап өткен.