Жаңа Конституция жобасы Алматы облысының тұрғындарымен талқыланды
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Алматы облысының тұрғындарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасы мен негізгі институционалдық өзгерістерді талқылады.
Үкімет басшысының орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде бекітілгенін және ұсынылған Конституция жобасының басты өзегі азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол өз кезегінде мемлекетіміздің ұзақмерзімді тұрақты дамуына кепіл болады.
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері алдымен Қонаев қалалық мәдениет үйінде облыс тұрғындарымен кездесті. Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің бағыты, қоғамның қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны және билік пен халық арасындағы қатынастың жаңа деңгейі айқын көрініс тапқан. «Ең алдымен, Жаңа Конституцияның Преамбуласына тоқталғым келеді. Онда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде айқын белгіленген. Бұл мемлекеттік саясаттың философиясын түбегейлі өзгертетін қағидат. Яғни, мемлекет енді азамат үшін, азаматтың қадір-қасиеті үшін қызмет етуі тиіс деген ұстаным заңның өзегіне айналып отыр. Сонымен қатар бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы ретінде бекітілген. Алматы облысы секілді көпэтносты, көпконфессиялы өңір үшін бұл нормалардың маңызы айрықша», - деді Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл Конституция әрқайсысымыздың өмірімізге, тағдырымызға әсер ететін басты құжат. Оны ешкім заңмен де, жарлықпен де өзгерте алмайды. Бұрынғыдай Парламентте де қаралмайды. Бұл тек қана тағыдршешті мәселе халықтың талқылауына шығады. Тек қана референдум арқылы шешіледі, басты өзгерістердің бірі сол деп айтсақ та болады. Меніңше, 30 жыл өтті, қоғамдық сана өзгерді, біз ел ретінде қалыптасып болдық. БҰҰ-да ойып тұрып алатын орнымыз бар, әлем таныды. Бізге енді осы тәуелсіздікті, осы егемендікті нығайтудың жолын іздеу керек. Мұнайдың да дәуірі аяқталып келе жатыр. Сондықтан қазір мына адам дейміз, адам капиталы, оның құқығы бізде басты екпін, басты акцентке айналуы керек.
Мәжіліс депутаттары мемекетіміздің ең басты құжатының жаңа жобасын жасау жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталып кеткенін, қарашадан бастап парламенттік комиссия жұмыс істегенін, кейін конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12 отырысы өткенін атап өтті. «Бұл жұмыстарға белгілі заңгер-ғалымдар, депутаттар, фракция жетекшілері мен сарапшылардан құралған 130 адам қатысты. Барлығы ашық түрде өтті», деді халық қалаулылары.
Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы Заң жобасы ең әуелі қазақтың тәуелсіздігін сақтауға құрылған. Сол тәуелсіздіктің негізгі бөлшегі халық, әр адамға жеке-жеке бағдарланған Заң жобасы деп айтуға болады. Адамның құқы, ар-ожданы, бүкіл бостандығы, сот жүйесі, енді қоғамда сотқа байланысты әртүрлі ахуалдар бар, көзқарастар бар білесіздер, мына биліктің баланстары, заң шығарушы органның, Президенттің өкілеттілігі, Үкіметтің өкілеттілігі, оларды теңестіру. Осының барлығы жүйе-жүйесімен осы Конституцияда жұмыс атқарылды.
Жалпыұлттық коалиция өкілдері өңірдегі өндіріс ошақтарында болып, жұмысшылармен кездесті. Мемлекет білім сапасын арттыруға, ғылымды дамытып, оны өндіріспен ұштастыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Ғылыми прогресс нәтижесінде өндіріс жаңартылып, өнім сапасы барынша жетілдірілді. Бұл қағидаттар Конституция деңгейінде бекітуді қажет етеді. Өйткені Ата Заң кейінгі заңнамалық әрі бюджеттік шешімдердің негізі болмақ. Конституцияның жаңа жобасында білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны дамыту мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінген. Бұл құжат ғылым мен білімді өркендету арқылы еліміздің интеллектуалдық әлеуетін артырудың стратегиялық негізі. Ол өз кезегінде мемлекеттік саясаттың ең басты тірегіне айналады. SDU университетінің студенттері Ата Заңымыздың жаңа жобасына қатысты өзіндік ой-пікірлерін былайша жеткізді.
Мақсат Айтбек, SDU Университетінің докторанты:
- Негізгі стратегиялық өзгеріс ретінде бұл білім, ғылым және инновацияның қойылуында. Мұндай өзгерістер қазіргі таңда мемлекеттің маңызды тарихи бетбұрысына алып келеді деп сенеміз. Мысалы, білімге байланысты айтатын болсақ, біріншіден, қазіргі өзім жас зерттеуші ретінде мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрініс табуда. Осы қолдаулардың арқасында соңғы жылдары осы ғылым саласындағы жастардың 46 пайызға өскендігін байқаймыз. Сөзімді қорытындылай келе ғылым бұл қозғаушы күш болса, жас буын сол қозғаушы күшті ары қарай сүйрейтін, ғылымға құштар, инновациялық жастар болмақ.
Аида Балаева кездесу аяқталған соң аталған жоғары оқу орнының студенттерімен, оқытушы- профессорлық құрамымен сұхбаттасып, еліміздің ең басты заңын қабылдауда 15 наурызға белгіленген референдумның маңызды роль атқаратынын айтты.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов