Қазақстан Газаға көмек беруге дайын

Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, Газадағы инфрақұрылымды жасақтауға, үйлер мен әлеуметтік нысандарды салуға жәрдемдеседі. 

Сондай-ақ әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі ретінде Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Мемлекет басшысы палестиналық студенттерге отандық университеттерде білім алу үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлу жоспарын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін аймақта бейбітшілік пен ынтымақтастықты, өзара сенімді нығайтуды көздейтін жаңа тәсілдер қажет. Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді.

Қ. Тоқаев Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесі аясында президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынды. «Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін», – деді. 

Дональд Трамп та өз сөзінде Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіруге атсалысқаны үшін Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына қатысушыларға шынайы ризашылығын білдірді. Ол Кеңеске қатысушы елдердің басшыларын таныстыру барысында Қазақстанды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, сізге көп рақмет. Қазақстан – керемет әрі бай мемлекет. Егер әлдебіреуде қандай да бір күмән туындаса, бүгін мұнда өте бақуатты адамдар қатысып отырғанын назар аударыңыз.