Мәслихаттардың жергілікті билік жүйесіндегі ролі күшейтіледі
Мәслихаттардың жергілікті билік жүйесіндегі рөлін күшейту керек.
Форумда сөз алған президент мәслихаттардың өкілеттігіне тоқталып өтті. Олардың қызмет ету мерзімін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажеттігін айтты. Қарашаның талап-тілегін іске асыру кезінде депутаттық корпус белсенді түрде бақылау жасап, әкімдермен бірге жұмыс істеуі тиістігін алға тартты. Мұнымен қоса мәслихаттардың ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қарау мәселесін де сөз етті. Өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау маңызына тоқталды. "Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің сөзінше, енді мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу қолға алынбақ.
"Мәслихат төрағаларының өкілеттігі екі мерзімнен аспауы қажет. Осындай әдіс арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады. Бұл ұстаным елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың логикасына сай келеді" деп атап өтті мемлекет басшысы.