Орталық референдум комиссиясында байқаушылармен кездесу өтті

Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Шанхай ынтымақтастығы ұйымы байқаушылар миссиясының басшысы - Ұйым Бас хатшысының орынбасары Олег Копылов және Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясының басшысы – аталған Ұйым Бас хатшысының орынбасары Омер Коджаманмен кездесті.

Әңгімелесу барысында байқаушыларға 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындық және өткізу бойынша егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Референдум комиссияларының қызметі, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы, азаматтардың референдумға қатысу құқығын іске асыру үшін жасалған жағдайлар, сондай-ақ ақпараттандыру жұмыстары туралы айтылды. Республикалық референдумды байқауға 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан 359 байқаушы қатысады. Нұрлан Әбдіров "халықаралық байқаушылардың қатысуы референдумды өткізудің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ дауыс беру үдерісінің ұлттық заңнамаға сәйкес ұйымдастырылып жатқанын халықаралық қауымдастықтың көруіне мүмкіндік береді" деді.

Омер Коджаман, Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясының басшысы - ТМҰ бас хатшысының орынбасары:

- Бүгін біз 15 наурызда өтетін референдумға байқаушы ретінде Өзбекстан, Әзербайжан және Түркия елдерінен келдік. Біздің бақылаушыларымыз осында, Астана қаласында болады. Ең алдымен, Қазақстан халқына осындай маңызды әрі жауапты қадам - референдум өткізуіне байланысты шынайы тілектестігімді білдіріп, құттықтағым келеді. Бұл Қазақстанның дамуында маңызды бір кезең болады деп сенемін. Бұл республикадағы әлеуметтік, саяси және экономикалық дамудың, сондай-ақ өсудің бір бөлігіне айналады.