Қазақ-өзбек зиялыларының екінші форумы өтті
Қазақстанмен Өзбекстан ғылыми-шығармашылық салада ынтымақтастықты бекемдеуге мүдделі. Бұл бағытта біріккен жобалар іске асып та жатыр.
Екі елдің зиялы қауымы арасында Самарқан қаласында өткен екінші форумда театрлар арасындағы әріптестікті арттыру, жасанды интелектіні дамыту бойынша ұсыныс тілектер айтылды.Форумның ашылу салтанатында екі мемлекеттің Парламент Сенаты төрағалары сөз сөйлеп, қазақ-өзбек қарым қатынастары Орталық Азияда мәдени жаңғырудың үлгісіне айналғанын атап өтті.
Қазақстан мен Өзбекстанның ғылым және шығармашылық саладағы тұңғыш форумы былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Астана қаласында өтті. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Екі елдің ғылыми-мәдени саласында тәжірибе алмасулар мен түрлі жобалар рухани өмірге тың серпіліс берген.
Асхат Маемиров, Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры:
- Қазақстан авторлары Өзбекстанда қойылып жатыр. Сол сияқты өзбек авторлары қойылуда. Әсіресе облыстарда Саид Ахмадттың «Келіндер көтерілісі» үлкен сұранысқа ие.
Форумда сөз сөйлеген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев екі ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы тұсында ұйымдастырылған бұл кездесудің символдық мәні зор екенін, Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттілікті қалыптастыру кезеңін табысты аяқтағанын, енді жаңа стратегиялық мақсаттарды айқындайтын уақыт келгенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы екі ел президенттері Қ.Тоқаев пен Ш.Мирзиеевтің өзара негізделген достық қарым-қатынасының арқасында қарқынды дамып келеді. Тіліміз, дініміз дәстүріміз ортақ. Қазақ пен өзбектің рухани мәдени байланыстарына серпін беретіні анық.
Форумға қатысушылар Орталық Азиядағы зияткерлік және мәдени байланысты нығайту, аймақты ғылым, білім, өнер саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарына қайта қосудың басты кілті екенін сөз етті. Атап айтқанда, ғылыми және технологиялық дербестік,
білім беру бағдарламалары, өнер саласы мен креативті индустрияны дамытуға ерекше мән берілмек.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
- Өзбекстан ғылым академиясы мен Қазақстан ғылым академиясы біріккен жобалар жасап жатыр. Мысалы, менің қол астымда 10 шақты өзбек ғалымдары жұмыс істеген. Олардың ғылымдағы жолдарына көмектестім, олар ғылыми атақ алып, үлкен ғалым болды. Сондықтан осындай қуанышты сәттердің көбейгенін қалаймыз.
Шавкат Аюпов, Өзбекстан Ғылым академиясының президенті:
- Асқар Жұмаділдаев біздің елде жиі болады. Ол Қазақстанда «алгебра атасы» - деген журнал шығарады. Ғылыми бағыттағы баспа тың жаңалыққа толы. Міне, сол журналды енді өзбек тіліне аудару ұсынылып отыр. Бұл өте құптарлық іс деп ойламын. Себебі бізде ортақ құндылықтарымыз көп. Алдағы уақытта байланыстың беки түсеріне сенімдімін.
Өзбекстанға сапар барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің өзбекстандық әріптесі Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесу өткізді. Одан кейін Палата Төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші
отырысына қатысты. Сенаторлар комиссия жұмысының аралық қорытындыларын шығарып, түрлі саладағы бірлескен жобаларды талқылады.