Парламент «Президент туралы» конституциялық заң жобасын қарады
Елімізде алғаш рет Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты өкілеттіктері жеке баппен бекітіледі.
Бұрын-сонды болмаған саяси өзгеріс, мемлекет басшысына қатысты заң жобасына енгізілген. Маңызды құжат бүгінгі парламет палаталарының бірлескен отырысында қаралды. Тұңғыш рет тағайындалатын вице-президент лауазымының нақты өкілеті мен міндеттері де айтылды.
Жұмадағы жиынның жаңалығы көп. Елді елең еткізген маңызды өзгеріс вице-президент қызметі. Оны президент Құрылтай мақұлдауымен тағайындайды. Ал нақты өкілеттігі арнайы жарлықпен бекітіледі. Мемлекетті басқару ісінде де вице-президентке бірқатар міндеттер артылмақ.
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
- Заң жобасының негізгі новелласы - конституциялық деңгейде енгізілген жаңа институт - Қазақстан Республикасының Вице-Президентін іске асыру болып саналады. Ол мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын арттыруға және жоғары билік органдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасында президенттің мәртебесі, қызметке тағайындалу тәртібі, оның мерзімі мен өкілетіне қатысты ескі ережелер cақталды. Мемлекет басшысы бір мәрте 7 жылға ғана сайланады. Туыстары мен жақындары саяси қызметке тағайындала алмайды және ешбір партияға жақтаспайды. Лауазымына қатысты бірқатар шектеулер де қарастырылған. Құжат 8 тарау мен 43 баптан тұрады. Президенттің сыртқы және ішкі саясаттағы өкілеттіктері, Үкіметпен, Құрылтаймен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы нақты көрсетілген.
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
- Конституцияда мемлекет басшысының рөлі, мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, сондай-ақ, билік органдарының ҚР біртұтас халқы алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретінде бекітілген.
Президенттің Құрылтайға қатысты ықпалы да нақты көрсетіліпті. Оның құрамын мемлекет басшысы бекітіп, ұйымдастыру құрылымын өзі анықтайды. Құрылтай халық тікелей сайлауда сайлайтын 145 депутаттан тұратын болады. Қызметі бес жылдық мерзімге есептелген. Бұл саяси жүйенің тұрақтылығын және мемлекеттің даму бағытының сабақтастығын қамтамасыз етпек. Өзгерістерге толы маңызды құжатты депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Еліміздің тарихи болмысын ескере отырып, біз ел билігі жүйесінде Парламент сөзін құрылтай ұғымына ауыстырып, қайта енгізіп отырмыз. Алайда заманауи құрылтай бұрыңғыны қайта құру деген сөз емес. Қазіргі Құрылтай заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде жаңа мән мағынаға ие болады.
Айдос Сарым әлемдік тәжірибеде де бір палаталы парламент моделіне көшу үрдісі барын айтты. Айтуынша, мұндай жүйе қоғамның саяси динамикасын толық көрсетіп, заң шығару процесінің ашықтығы күшейтеді. Тағы бір жаңалық - Қазақстанда сайлау жүйесі өзгереді. Әкім болуға жаңа шектеу енгізіледі. Құжатқа сәйкес, әкімдікке кандидаттар тең дауыс жинаған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізу туралы шешім қабылдайды.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Жандос Битабаров