Мәжіліс ауылдардағы интернетті жақсартатын заң жобасын мақұлдады

Фото: depositphotos.com

Бүгін Мәжілісте «Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды «24KZ».

Құжаттың негізгі бағыты – ауылдық, шалғай және туристік аймақтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды кеңейту. Осы мақсатта ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда да байланыс желілерін салуға рұқсат беру қарастырылып отыр. Бұл интернет инфрақұрылымын ел аумағында кеңінен дамытуға мүмкіндік бермек.

Бұл шалғай, ауылдық және туристік аймақтарды интернетпен қамтуды кеңейтуге көмектеседі, – деді Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Сонымен қатар байланыс инфрақұрылымын салу үшін жер учаскелерін бөлу тәртібі жеңілдетіледі. Енді жер беру рәсімі бас жоспарға немесе егжей-тегжейлі жоспарға міндетті түрде енгізілмей-ақ жүзеге асырылады.

Бұдан бөлек, ұялы байланыс сапасын арттыру мақсатында сигнал күшейткіштерді (репитерлерді) тек байланыс операторлары ғана импорттайтын болады. Бұл сертификатталмаған құрылғылардың желі сапасына әсерін азайтуға бағытталған.

Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету үшін «112» қызметіне азаматтың орналасқан жерін анықтау мүмкіндігі өтеусіз беріледі.