Қазақстан астығы Африкаға экспортталады
Қазақстан Африка елдеріне бидай экспорттайды. Астықты қара құрлықтағы ірі Момбаса порты арқылы жеткізеді. Кения мұхит маңындағы айлақты беруге дайын.
Мұны бүгін Астанаға мемлекеттік сапармен келген осы елдің Президенті Уильям Руто растады. Мәртебелі мейман Egov жүйесі мен еліміздің ғарыш игеру ісіндегі жетістігіне қызығып отыр. Сонымен қатар Кения өз өнімдерін Еуразия құрлығына Қазақстан арқылы жеткізгісі келеді. Жырақтан келген делегациямен Қазақстан билігі қандай келісімге келді?
Астана көшелерінде Кенияның тулары ілінді. Жергілікті жұрт үшін шетелдік байрақтарды көру қалыпты жағдай болса да, дәл осы жалау таңсық әрі өте сирек құбылыс. Себебі, екі ел саясаткерлерінің байланыс орнатқанына 30 жылдан асса да мемлекеттер басшылары кездеспеген. Міне, бүгін Кения Президенті келді. Уильям Руто біздің ел арқылы ауыл шаруашылығы мен логистикаға қан жүгірткісі келеді. Сенімді серіктестік үшін Үнді мұхитына шығатын портын Қазақстанға беруге дайын.
Алыстан ат терелете келген мейманды Астана сән-салтанатымен қарсы алды. Әдеттегідей саясаткерлер бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырып, қос елдің әнұраны шырқалды. Ресми рәсімнен кейін Президенттер көп кідірмей келіссөзге беттеді.
Уильям Руто Астанаға бизнесмендерден құралған үлкен делегация ерте келіпті. Жеке кездесуде Президент осыған ризашылығын білдіріп, көп бағытта байланыс бекітудің мүмкіндіктері бар деді. Уильям Руто да ә дегеннен өз жоспарын жайып салды. Кения Қазақстанды сауда мен инвестицияны дамытудағы маңызды логистикалық хаб ретінде қарастырады. Біз арқылы ауылшаруашылық өнімдерін Еуразия нарығына экспорттауға ниетті. Саясаткерлердің мүддесі сай болған сыңайлы. Мұны кеңейтілген құрамдағы келіссөз көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз нарықтарды және көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз. Жаңа ғана екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын талқылап, халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмастық. Елдеріміздің жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Қазақстан тарапы ортақ мақсаттарды өзара тиімді әрі нақты жобаларға ұластыруға дайын.
Кения – Африкадағы дамыған озық елдердің бірі. Ал астанасы Найроби құрлықтағы халықаралық орталық. Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепсе, Кения Шығыс Африканың экономикалық ошағы. Демек, екі ел тоғыз жолдың торабын байланыстырады алады. Осы ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев сауда мен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейту үшін Іскерлік кеңес құруды ұсынды. Бүған Уильям Руто келісті.
Уильям Руто, Кения Республикасының Президенті:
- Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам. Оған еш күмән жоқ. Өзара сауда-саттықты арттыру бағытында айтарлықтай әлеуетіміз бар деп ойлаймын.
Тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі сынды тақырыптарды талқылады. Келіссөз нәтижелі аяқталды. 4 құжатқа қол қойылып, делегация мүшелері 6 құжатпен алмасты. Уағдаластықтар негізінен сауда мен инвестицияны салаларын қамтиды. Президенттер талқылаған тақырып көп. Атап айтқанда, екі ел арасында тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндігі қаралды. Сондай-ақ Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка нарығына жеткізуге ниетті. Әңгіме бидай жайында. Бұған Кения көмектесетін болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Момбаса портын пайдалану мәселесін қарастырдық. Бұл – осы аймақтың сегіз мемлекетіне жол ашатын Шығыс Африкадағы ең ірі логистика орталығының бірі. Бүгінде Қазақстан нарығында Кенияның бірқатар тауары, соның ішінде шәй және кофе өнімдері бар. Мұны екі ел арасында орныққан тұрақты сауда қатынасының көрінісі деуге болады.
Бұл порттың бойында Уганда, Руанда, Буринди, Конго, Эфиопия сынды елдер жатыр. Шамамен миллион адамды құрайтын алып нарық. Әрі сұраныс та бар. Ал Кения өз өнімдерін Қазақстан арқылы Еуразия елдеріне жеткізуге мүдделі. Бұл еліміздің транзиттік хабқа айналуына ықпал етеді. Оған қоса Кения еліміздің Egov жүйесіндегі, ғарыш және ақпараттық технология салаларындағы жетістігіне қызығушылық танытып отыр. Сапар аясында Уильям Руто AlemАI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Қазақстанның ұлттық ғарыш орталығына барады. Демек, келешекте цифрлық жобалар мен жерсеріктік суреттер сата аламыз.
Уильям Руто, Кения Республикасының Президенті:
- Кения Қазақстанды маңызды стратегиялық серіктес және Орталық Азияға, тұтас Еуразия аймағына негізгі қақпа санайды. Біз Қазақстанның Шығыс және Орталық Африка елдерімен байланысына дәнекер болуға дайынбыз. Қазақстан тарапына Найроби қаласында құрлықтағы қызметін ұйымдастырудың стратегиялық базасын жасақтауды, ал Момбаса және Ламу порттарын өңірлік нарыққа шығу үшін негізгі логистикалық хаб ретінде қарастыруды ұсындық.
Былтыр екі елдің тауар айналымы 52,2 млн долларға жетті. Экспорт небәрі мың доллар, ал қалғаны импорт. Осы сапарда келіссөздердің негізгі бөлігі осы саудаға серпін беруге арналды. Ең маңыздысы, қос Президенттің мәлімдемесі бір арнада тоғысады. Екі тарап та байланысты бекемдеуге, серіктестікті серпілтуге дайын. Нақты жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі.
Авторлары: Бекзат Аманов, Ержан Қанапиұялы, Бақытбек Нұртаев