Студенттерді жатақханамен қамту жүйесін цифрландыру ұсынылды

Фото: ЖИ арқылы жасалған

Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау Премьер-Министр Олжас Бектеновке студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «24KZ».

Депутаттың айтуынша, елде 678 мың студент білім алады, олардың 364 мыңы – аймақтардан келген студенттер. Ресми дерекке сәйкес, 115 мың студент жатақханаға мұқтаж деп есептелсе, соның 95 мыңы ғана қамтамасыз етілген. Осылайша, ресми есеп бойынша кемінде 20 мың орын тапшылығы бар.

Осыған байланысты депутат Үкімет деңгейінде бірқатар шараларды қарастыруды ұсынды.

«Мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарын қамтитын студенттік тұрғын үйдің бірыңғай ұлттық цифрлық платформасын әзірлеу мәселесін пысықтау қажет. Платформада өтінім беру, электронды кезек, онлайн брондау, цифрлық келісімшарт және жатақхана орындарының нақты уақыттағы есебі көзделуі тиіс», – деді Нұргүл Тау.

Сондай-ақ депутаттар жоғары оқу орындарының тиімділігін бағалау жүйесіне студенттерді жатақханамен қамту көрсеткішін енгізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және инвесторлар үшін қосымша ынталандыру шараларын қарастыруды ұсынды.

Партия депутаттары бұдан бөлек, жатақхана салуға арналған жер телімдерін бөлу тәртібін әкімдіктердің жұмыс көрсеткіштеріне енгізуді және студенттік тұрғын үйдің қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасына қатысты ұлттық стандарттарды бекітуді де ұсынды.

«Бұл мәселе стратегиялық сипатқа ие және жүйелі тәсілді талап етеді», – делінген депутаттық сауалда.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз